Жүк көлігімен инспектордың аяғын басып кеткен - Атырауда полициядан қашқан жүргізуші оқ атып тоқтатылды
Атырауда полициядан қашқан жүргізуші жүк көлігімен инспектордың аяғын басып кетті. Полиция қызметкерлері оны тоқтату үшін көлік дөңгелегіне, аспанға екі реттен оқ атуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Kazinform.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше, 17 қарашада болған.
«Полиция қызметкерлері жергілікті уақытпен сағат 11:45 шамасында Атырау-Орал тасжолының 183-шақырымы тұсында DALMLERCHR SLER автокөлігінің жылдамдық асырғанын анықтады. Алайда, көлік жүргізушісі патрульдік полиция инспекторларының заңды талабына бағынбады. Сол себептен, Индербор кентінде қызметтік көліктермен алдын бөгеп, тоқтатылды. Көлік тоқтатылғанымен, жүргізуші кабинадан түспестен қашып құтылуға тырысты. Сол кезде патрульдік полиция инспекторының оң аяғын басып кетіп, жол бойындағы бірнеше автокөлікке авариялық жағдай тудырды. Заңды талапқа бағынбаған жүргізуші көлігінің дөңгелегіне екі мәрте және екі инспектор ескерту мақсатында аспанға екі реттен оқ атты», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Көлік тас жол бойында тоқтатылып, жүргізуші ұсталды. Рульде болған 1989 жылғы жүргізуші медициналық сараптамадан өткізілді. Жүргізушінің мас күйде болмағаны анықталды. Ол көліктің өзінікі емес екенін айтып, ақталуға тырысқан.
Қазір ұсталған жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 592-бабы 2-бөлігімен, 601-бабы 1-бөлігімен, 606-бабы 1-бөлігімен, 613-бабы 1-бөлігімен хаттама толтырылды. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабының 3-бөлігімен, (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) қылмыстық іс тіркелді. Жүргізуші қамауға алынды.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау оқушылары көлік жүргізушілеріне жол ережесін сақтау туралы хат жолдағанын жазған едік.