Жүк көлігінің нөмірін өзгерткен жүргізуші бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды

АСТАНА. KAZINFORM — Жүк көлігінің нөмірін оқылмайтындай еткен жүргізуші жазаланды, деп хабарлайды ҚР ІІМ баспасөз қызметі.

Жүк көлігінің нөмірін өзгерткен жүргізуші бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды
Фото: Видеодан скрин

Көкшетау — Астана тасжолында елордалық полицейлер Scania жүк көлігін тоқтатты.

Тексеру барысында жүргізушінің мемлекеттік тіркеу нөміріндегі кейбір әріптер мен сандарды изолентамен өзгертіп, нөмірді оқуды қиындатуға тырысқаны анықталды.

— 54 жастағы шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен ол бір тәулікке әкімшілік қамауға алынып, бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды, — дейді тәртіп сақшылары.

Полиция көлік нөмірін қасақана жасыру немесе өзгерту заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

Бұған дейін Қазақстан нөмірін Грузиянікімен жасырып жүрген жүргізуші жазаланғанын жаздық.