Жүк көлігін айдап кеткен Қапшағай тұрғыны ұсталды
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Алматы облысының полицейлері жүк көлігін заңсыз айдап кеткен 49 жастағы күдікті азаматты қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Анықталғандай, "Хово" маркалы көлікті ұрлаған күдікті жол салып жатқандардың бірі болып шықты. Көлік күзетілмейтін автотұрақ аумағынан әкетілген. Ал бірнеше сағаттан кейін тәртіп сақшылары Қапшағай қаласына жақын жерден көлікті тапты.
«Эксперт-криминалистердің араласуымен машинадағы саусақ іздері кімге тиесілі екені белгілі болды. Себебі саусақ іздері полицейлердің мәліметтер базасында бұрын істі болған 49 жастағы азаматтың саусақтарымен сәйкес болып шықты. Сондай-ақ полицейлердің күдігін куәгерлердің берген ақпараты да сейілтті. Ал тәртіп сақшыларына 49 жастағы азамат бірден кінәсін мойындады», деп толықтырды Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда сот алды тергеу амалдары басталды. Ұсталған азаматтан ешқайда кетпеуі туралы қолхат алынып, уақытша үйіне босатылды.
Мәліметтер базасына сүйену арқылы жыл басынан бері полиция қызметкерлері қылмыс орнындағы айғақ заттар көмегімен 10 қылмыскерді тұтқындап, жауапқа тартты.