Жүкті артық тиеген көліктер толықтай автоматтандырылған тәртіпте анықталады
АСТАНА. KAZINFORM – 4 желтоқсаннан елордаға негізгі кіреберіс жолдарда жүк көліктерін автоматтандырылған тәртіпте өлшеу жүйесі «Сергек» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Бұл туралы Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің Ахуалдық орталығы басшысының міндетін атқарушы Сұлтан Мұсағалиев айтты.

«Бұл тестілеуден өткізіліп жатқан жоба емес. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде жүкті шамадан тыс тиеген көліктерге қатысты арнайы бап бар. Бұған дейін автоматтандырылған өлшеу жүйесі арқылы бақылаудың тәсілі іске қосылған еді. Атап айтқанда, қазір жартылай автоматтандырылған жүйе жұмыс істеп тұр. Бұл ретте маман салмақ ережесін бұзғандарды анықтап, тиісті нұсқаманы жүк тасымалдаушыларға жолдап жатыр. Ал 4 желтоқсаннан осы нұсқамалар толықтай автоматтандырылған тәртіпте бағытталады. Артық салмақ тиегендер «Сергек» қағидаты бойынша анықталып, айыппұл жолданады, жүйе автоматты түрде жұмыс істейді. Адами фактор болмайды. Осы орайда жақсы үрдісті байқап отырмыз, яғни олар жүкті рұқсат етілген деңгейде тиеп жатыр», - деді С. Мұсағалиев елордада тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, елорда аумағында қазір 7 өлшеу жүйесі орнатылған және оның бесеуі қосылды. Биыл 6 қыркүйектен бастап көлік саласындағы бақылау инспекциясы 235 млн теңгеге 632 көлік бойынша ұйғарымды жолдады. Сонымен қатар тағы 70-ке жуық ұйғарым көлік иелеріне бағытталады.
«Жалпы, базада ауыр салмақты көліктер бойынша 13 мың ереже бұзу жинақталған. Бірақ оның 12 мыңнан астамы автокөліктердің мемлекеттік нөмірлерінің анықталмауына байланысты сәл кідіріп тұр. Сондықтан тек 632-сіне айыппұл салынды. Жүк көліктерінің жүргізушілері аталған өлшеу жүйесіне жақындаған кезде мемлекеттік нөмірлерін бүркеп жауып тастауы немесе өлшеу станциясынан айналып өтуі әрекеттерін жасап жатыр», - деді ведомство өкілі.
Атап айтқанда, бүгін Астана қаласы Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің отырысында жүк тасымалдаушылар аталған жүйе арқылы кейбір айыппұлдар негізсіз келіп жатқанын айтты.
Өз кезегінде Астана қаласы Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының өкілдері автоматтандырылған өлшеу жүйесіндегі құрылғылар тиісті сертификаттаудан өткенін мәлім етті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл қыркүйек айында Астана қаласына негізгі кіреберіс жолдарда автоматтандырылған өлшеу жүйесі іске қосылды.