Жүктілік пен босану төлемдерінің көлемі кейінгі 5 жылда 5 есе артқан
АСТАНА. KAZINFORM – Қолданыстағы заңнамада жүктілік пен босануға байланысты берілетін әлеуметтік төлемдердің жоғарғы шегі белгіленбеген. Әлеуметтік кодекске осы мәселені жаңаша реттейтін өзгертулер енуі мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер Kazinform сауалына жолдаған жауапта айтты.
- Қазіргі кезеңде қолданыстағы заңнама нормаларында жүктілік пен босану бойынша төлемдердің жоғарғы шегі белгіленбеген. Қазіргі таңда Әлеуметтік кодекске әлеуметтік төлемдерді, оның ішінде жүктілік пен босану бойынша әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың параметрлік өзгерістерін болжайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірленіп жолданды. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесi адамның жоғалтқан кiрiсінің бiр бөлiгiн өтеуге бағдарланғанын атап өткен жөн, - деп жазылған ресми мәліметте.
Ведомствоның дерегіне сенсек, кейінгі бес жылда бала күтіміне байланысты әлеуметтік төлем рәсімдеушілердің саны 1,2 есе көбейсе, төленген соманың жалпы көлемі 5 есеге жуық өскен.
- 2019 жылы 191,4 мың адам жүктілігі және босануы бойынша 77,5 млрд теңге сомаға әлеуметтік төлем алды. Ал 2024 жылы 245,7 мың адам 385,6 млрд теңге әлеуметтік төлем алды, - деп жазылған министрлік мәліметінде.
Айта кетсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1,4 млн қазақстандық жалпы сомасы 958,3 млрд теңгеге бес әлеуметтік тәуекел бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алды.
Сондай-ақ, былтыр күзде Антикор Шығыс Қазақстан облысында 780 әйелдің декреттік төлемді арттыру үшін жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенін анықтаған болатын.
Жуырда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Светлана Жақыпова жүктілік және босануға қатысты асыра төлем алған 113 адамға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтты.