«Жұлдыз болғым келеді» жобасының финалына 140 тәрбиеленуші өтті
АСТАНА. KAZINFORM — «Жұлдыз болғым келеді» II республикалық шығармашылық жобасының финалистері анықталды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Алексей Лодочниковтің идеясымен жүзеге асқан жобаға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі мен «El Umiti» корпоративтік қоры қолдау көрсеткен.
Жоба жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілерін қолдауға және олардың шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталған.
— Биыл конкурс би жанры бойынша өткізіліп жатыр. Өңірлік іріктеу кезеңдерінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың 370 тәрбиеленушісі өз өнерін көрсетті. Іріктеу қорытындысы бойынша 140 үздік қатысушы финалға жолдама алды, — делінген хабарламада.
Финал 2026 жылғы 29–30 қазанда Астанада өтеді. Екі күн бойы қатысушылар үлкен сахнада өнер көрсетіп, жобаның басты жүлделері үшін бақ сынайды.
Конкурс жеңімпаздарына жүлде қоры қарастырылған.
2025 жылы жоба алғаш рет вокал жанры бойынша өткізілді. Сол жылы конкурсқа балалар үйлерінің 170 тәрбиеленушісі қатысып, 40 үздік қатысушы финалға өткен болатын. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен шетелге шығу мүмкіндігі берілді.
Айта кетейік, Қазақстан жастары халықаралық Voice Up инклюзивті лагеріне қатысып жатыр.