Жұлдызқұрттың қаптауы: ШҚО-да ауылдарды дәрілеу жұмыстары жүргізіліп жатыр
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысында жер үйлердің бақшалары мен орман алқаптарына қауіп төндіретін жұлдызқұрттың қаптап кетуіне қатысты тиісті шаралар қолға алынды.

Алғашқы химиялық өңдеу жұмыстары құрттар ең көп тіркелген Белогорское ауылының шетінде жүргізілді. Олардың ошақтары елді мекеннен 25 шақырым жерде. 30 маусым күнгі өңдеу жұмыстарына «Асубұлақ орман шаруашылығы» КММ мамандары қатысты. Ұлан ауданы әкімдігінің мәліметінше, өңдеу санитарлық талаптарды сақтай отырып, рұқсат етілген химиялық препараттармен жүргізілген.
– Ашық аумақта 18 гектар жер өңделді. Барлығы бекітілген нормаларға сәйкес орындалды, - делінген хабарламада.
Алайда әзірге бұл жұмыстар тек жекелеген аумақтармен ғана шектеліп отыр. Асубұлақ және Огнёвка сияқты басқа да ауылдардың тұрғындары әлі күнге дейін жаппай тараған жұлдызқұртпен өз бетімен күресіп жатыр.
Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-да ауыл тұрғындары шегірткенің қаптап, жайылымды құртып жатқанына шағымданғаны хабарланған.