«Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін отанының тарихына бей-жай қарамайтын кез келген адам көруі тиіс - актриса М.Өтекешева

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін «Елбасы жолы» киноэпопеясының бесінші бөлімі саналатын «Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының да көрерменге жол тартқанына көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, туынды қазірдің өзінде кино сыншылары арасында оң бағасын алып үлгерді десек артық айтқандық емес. Осы ретте «ҚазАқпарат» оқырман назарына Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, театр және кино актрисасы Мерует Өтекешевамен аталған өнер туындысы төңірегінде өрбіген сұхбатты ұсынады.
None
None

-Мерует Қаратайқызы, Сіздіңше Тұңғыш Президент, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тұлға болып қалыптасуы, қызметі мен өмірі жайында фильм түсіргендер көрермен үддесінен шыға алды ма?

-Меніңше, «Похороните меня за плинтусом», «Белая гвардия», «Брежнев» сынды фильмдерімен танымал ресейлік режиссер Сергей Снежкин фильмді заманына сай тарихымен, драмасымен және шытырман оқиғасымен түсіре алған сияқты. Ол киноэпопеяның бүгінгі күні қазақстан көрерменіне танымал бөліп үлгерген жайттарын қайталамау үшін барын салғаны анық байқалады. Иә, фильмге берілген пікірлердің арасында сынның да бар екендігін айта кетуіміз керек. Олар басты кейіпкер бейнесіне, режиссерлікке және басқа да ұсақ-түйек жайттарға қатысты мысқыл десек те болады. Бұл мәселеде қандай түсінбеушілік болуы мүмкін? Әлде Нұрсұлтан Назарбаев біздің заманымыздың батыры емес пе? Әлде ол барлық өмірі мен қызметін халқының әл-ауқатын арттыруға, елінің экономикасын дамытуға, Қазақстанда және біздің барша ғаламшарымыздағы бейбітшіліктің сақталуына арнаған саяси көшбасшылардың бірі емес пе? Кез келген қақтығыс ошағында туындауы мүмкін жандалды реттеу үшін оны шақыратындығы өтірік пе?

Тоқ етері, меніңше, фильм - өз кейіпкеріне лайықты туынды. Ол мазмұнды әрі қызықты, түрлі сезім қылын шертетіндігі де бар.

Туынды қазақстандық және ресейлік киноматографистердің интернационалды тобымен басты кейіпкердің және оның Отанының атын шығаруға арналған өмірбаяндық фильм жанрында түсірілгендігін айрықша атап өтім келеді. Бұл жанрды американдықтар қысқа да, нұсқа байопик деп деп айтады. Яғни, шынайы адамның өмірбаянына негізделген көркем фильм. Осынау күрделі жанрда шын мәнінде талантты шығарма жасау шынымен де барынша қиындық тудырады. Сүрінуі мен сүйеніш іздер сәті көп болғанымен құрмет тұтуға, үлгі алуға лайықты жанның, өмір жолы барлығы үшін де қызықты басты кейіпкердің көркемдік бейнесін сомдау оңай шаруа емес. Барлығының да көңілінен шығатын патриоттық кино түсіру үшін кемінде сценарий жазушыдан бастап, режиссер, басты рөлді сомдаушылар, операторлар, суретшілер мен композиторлар нағыз кейіпкер жайында фильм түсіріп жатқандықтарын сезінуі, сенуі тиіс.

Бақытымызға орай, «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін түсірушілер сенім үддесінен шынайы шыға алды деп толық сеніммен айта аламыз. Олардың туындысынан кинематографистердің түпкі ойының шынайы шығуына деген шынайы таңданыстың туындайтындығын кез келген адам сезінеді.

-Фильм сюжетінде біздің тарихымыздағы шынайы оқиғалар қалай көрсетілген?

-1984 жылдан бастап, 1993 жылға дейінгі кезеңдегі Қазақстан тарихын қамтитын фильмде ең драмалық эпизодтар - 86 жылғы Желтоқсан оқиғасы, Қарағандыдағы шахтерлер еруі, КСРО-ның күйреуі көтерілген. Дүрбелең кезең көңілге қонымды, шынайы суреттелген. Алғаш рет трагедиялық жайттар белгілі бір деңгейде көңілге қонымды көрсетілген. Мұны дәл осылай көрсетуден басқа жолы да жоқ. Ал одан кейін жаңа жас мемлекеттің, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, басты кейіпкердің саяси шыңдалуы сәтті шынайы бейнеленеді.

Фильм Президенттің британдық журналистермен кездесуімен басталады. Дегенмен, бастапқы сәттегі сұхбатқа бөлінген регламенттің асып бара жатқандығы байқалады. Британдықтың мейірімге толы алғашқы сауалы-ақ Президентті қайта оралмас қызығы мен шыжығы мол өмір жолына көз жүгіртуге жетелейді. Дәл осы жайт фильмнің өзегіне айналған десек те болады. Сонымен, көз алдыңызда Нұрсұлтан Әбішұлының ата-анасының өмірі, өзінің балалық шағы, алғашқы еңбек жолы, достары жайындағы естеліктері тізбектеле береді. Мұның барлығы да жасандылық емес, шынайы сезім, өткенге өнеге, алдағы өмірге деген құлшыныс анық байқалады.

- Сіздіңше, фильмінің актерлік құрамы қалай іріктелген?

-Актерлік құрам таң-тамаша қалдырады. Басты рөлді сомдаған Берік Айтжановтың өнері көңілге қонымды. Актер өз кейіпкерімен біте қайнасып, оның ішкі жан-дүниесін, ізденісін, шешімдер қабылдауын, жас, тәуелсіз Қазақстан алдынан шыққан проблемалар аясынан шыға алуын тамаша бейнелеген. Берік шын мәнінде өз елі мен халқы үшін күйзелетін, оған жанын беретін көшбасшының бейнесін жасай алды. Жастығына қарамастан актер орта жасқа келген Президенттің де бейнесін толыққанды сомдай алды.

Қазақстан Коммунистік партиясының бұрынғы бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаевтің рөлін сомдаған Алдабек Шалбаев фильмде бірқатар көңілге қаяу түсірер сәттерімен бірге сыншылардың назарына да іліккені белгілі. Қонаевтың шынайы саясатын қазақтар құрмет тұтып, оған қатты сенім артқан. Ол да халықтың сенімін ақтауға барынша күш салған еді. Алайда, КСРО-ның даму тарихындағы келеңсіздіктердің кезінде республика басшысы қызметінен босаумен қатар әйелінен айрылып жалғыздықтың күнін кешкен Қонаевтың бейнесін Шалбаев шынай көрсете алды. Кеңестік саясаткерден Назарбаевтың кешірім сұрау сәті де көрерменнің көңілін қобалжытатын сәт.

Алексей Гуськов, Игорь Угольников, Дарья Мороз шынайы тарихи кейіпкерлермен сыртқы келбеттерінде ұқсастығы болмағанына қарамастан өздерінің актерлік шетерліктері арқасында кейіпкерлерінің мінез-құлқын, сол уақыттағы шиеленісті жайттарды, олардың кезінде Кеңес одағы біріктірген халықтардың тарихына ықпал еткен сәттерін тамаша бейнелей алды.

Сара Алпысқызының рөлін сомдаған Алтынай Нөгербек мінезі мығым, ұлы істерді бағындыра алатын ер-азаматтың етегін ұстар жан екендігін шынайы көрсете алды.

- Сіздің жалпы бағаңызды білсек, Фильмді түсіру барысында алға қойылған мақсаттарға қол жеткізілді ме?

-Аға буын өкілі үшін бұл фильм қиын-қыстау кезеңді бір сәтте бастан өткізу десек, жас буын үшін бұл өз еліңнің тарихына саяхат іспетті. Демек, бұл тарихи туынды өзінің миссиясын орындай алды десек артық емес. Алайда, біздің еліміз үшін мұндай патриоттық сипаттағы туындының қажеті бар ма, деген сауалдардың туындайтындығы да айқын. Әрине, бар! Қалай болғанда да сол елдің тұрғыны өз отанында зор құрметке лайықты қайырымды да, талантты адамдардың болғанын білуі тиіс. Бұл біздің жас ұрпағымыз үшін аса қажет. Өйткені, олар барынша идеологиялық қаруға айналған немесе барынша бұрмаланған КСРО тарихын ғана біледі. Сол себепті әрбір адамға тарихи дәуірдегі қиын-қыстау кезеңді айтумен қатар, отанымыздың бұған дейінгі қателіктеріне жол бермеу үшін жетістіктерін де құлағдар ету барынша маңызды. Өткеннің шындығын адамдарға әр уақытта да айту қажет. Бірақ, мұны дау-дамайсыз, лайықты деңгейде жүзеге асыру қажет. Дәл осы тұрғыда алып қарағанда, «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмін түсірушілер алдына қойған міндеттерді толықтай атқара алды. Қорыта айтқанда, бұл фильмді өз отанының тарихына, оның бүгіні мен ертеңіне бей-жай қарамайтын кез келген азамат көруге міндетті.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар