Жұманғарин: 70% бизнес жеңілдетілген режимді қолдана береді
АСТАНА. KAZINFORM – Жаңа Салық кодексі бизнеске әкімшілік жүктемені айтарлықтай азайтады. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Астанада өткен жаңа Салық кодексін түсіндіру жөніндегі семинарда мәлімдеді.

Вице-премьердің айтуынша, арнайы салық режимін қолдануға рұқсат берілетін және берілмейтін кәсіпкерлік қызмет түрлерінің алдын ала тізбелері аптаның соңына дейін «Ашық НҚА» порталында жарияланады. Алдын ала есеп бойынша жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі елдегі барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына қолданылады.
«Оңайлатылған режиммен тек жеке тұлғаларға бөлшек сауда қызметін көрсететін кәсіпкерлер ғана жұмыс істей алады. Ал заңды тұлғалармен жұмыс істейтін компаниялар толыққанды бухгалтерлік есеп жүргізіп, жалпы салық салу режимін қолдануы тиіс», — деді Серік Жұманғарин.
Оның айтуынша, «тыйым салынған тізімге» бизнеске арналған тауар өндіріп, қызмет көрсететін салалар кіреді. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен жер қойнауын пайдалану, табиғи монополиялар, 2 мың шаршы метрден асатын көтерме және ірі бөлшек сауда нысандары.
Сонымен бірге шектеу телекоммуникация, интернет пен IT, қаржылық және сақтандыру қызметі, консалтинг, кәсіби және агенттік қызмет, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер секторына қолданылады.
Саладағы операциялардың үлесі кейбір бағыттарда іс жүзінде 100%-ға жуық. Мәселен, құрылыста — 99,9%, жер қойнауын пайдалануда — 98,7%, көлік пен қоймада — 96,7%. Бұл деректер жеңілдетілген режимді бүгінде негізінен шағын бизнес емес, ірі компаниялар пайдаланып отырғанын көрсетеді.
«Жалпы экономикалық қызметтің 700-ден астам түріне қатысты әңгіме болып отыр. Бұл — барлық ЭҚЖЖ-нің шамамен 70%-ы. Бірақ салық төлеушілер тұрғысынан алсақ, жеңілдетілген режимге тыйым салу кәсіпорындардың шамамен 30%-ына ғана әсер етеді», — деді министр.
Сонымен қатар, жеңілдетілген салық режимі сақталатын екінші топта бизнестің 300-ден астам түрі бар. Олардың қатарында 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда алаңдарындағы бөлшек сауда, дәріханалар, қоғамдық тамақтану нысандары, қонақ үйлер, тұрғын үй мен көлікті жалға алу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары, жолаушылар тасымалы, балабақшалар мен үйірмелер, медициналық және әлеуметтік қызметтер бар. Сондай-ақ халыққа қажет тұрмыстық және құрылыс қызметі, креативті индустрияның жекелеген түрлері, мәдени және спорт нысандары, ауыл шаруашылығы осы тізімге енгізілген.
«Осылайша алдын ала бағалаулар бойынша жеңілдетілген режим барлық салық төлеушілердің шамамен 70%-ына сақталады. Бұл дегеніміз, тұрғындарға қызмет көрсететін шағын бизнес жеңілдікті режимді әрі қарай қолдана алады. Ал ірі бизнес жалпы белгіленген режимге ауысады», — деп нақтылады Серік Жұманғарин.
Оның сөзіне қарағанда, тізімдердің жобасы әлі әзірлену үстінде. Алдын ала нұсқасы «Ашық НҚА» порталында жарияланып, кейін бизнес қауымдастық және сарапшылармен талқыланады.
Айта кетейік, жаңа Салық кодексіне сай, көлік, қойма және пошта қызметінде градация қағидаты қолданылатыны хабарланды.