Жұманғарин АХҚО арқылы 200 млрд теңге салықтан жалтармақ болған компания туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжілістің жалпы отырысынан кейін Астана халықаралық қаржы орталығы арқылы салық жалтармақ болған компания туралы пікір білдірді.

Журналистер вице-премьерден екі күн бұрын Сенат отырысынан кейін аталған компанияның атын атаудан неге бас тартқанын сұрады.
— Мен Астана халықаралық қаржы орталығын Орталық Азиядағы ең үздік қаржы орталығы деп есептеймін. Мәселе сіз сұрап тұрған компанияда емес. Өйткені ол ешбір заңды бұзған жоқ. Компанияның атын атамаймын дегенім содан. Себебі репутациясына кесірі тиюі мүмкін. Бұған заңнама жол берген. Кеше осындай заң саңылауларын бітеу керек деп айтқан едік. Бизнестің салықтан жалтару үшін бөлшектеніп кеткенін қаншалықты ұзақ талқылағанымыз естеріңізде шығар. Ақыры ең төменгі шекті өзгерттік дегендей. Бұл да сол сияқты қажыр-қайратты қажет ететін, өте нәзік мәселе. Өйткені заңнаманы өзгерту арқылы Астана халықаралық қаржы орталығының жұмыс тәртібін өзгертіп жатырмыз деген сигнал беруге болмайды, — деді ол.
Ұлттық экономика министрі АХҚО-ға тіркелген компаниялар төлейтін дивиденттер салықтан босатылғанын еске салды.
— Сондықтан бұл жеңілдікті компаниялар пайдаланып қалуға талпынады. Бірақ орталық бәрінен бұрын Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан жергілікті компанияларды өзіне баурау үшін емес, шетелден инвестиция тарту үшін құрылған, — деді вице-премьер.
Серік Жұманғарин Астана қаржы орталығы салықтан жалтаратын қазақстандық компаниялар қалай әшкере болып жатқанын айтты.
— Біз оны қалай анықтаймыз? Жылдар бойы салық төлеп келе жатады да, төлемей қалады. Неге төлемейсіз десек, басқа алаңға тіркеліп алғанын айтады. Кеше әңгіме болып кеткен компания арнайы экономикалық аймақта тіркелген. Сол арқылы талай жеңілдік алған. Енді Астана қаржы орталығы арқылы қосымша жеңілдіктер алмақшы. Олай болмайды. Таңдау жасауың керек — не арнайы экономикалық аймақта бол, не Астана қаржы орталығында бол. Біз бұдан салық жоғалтамыз. Ол компанияға санкция қолданайық деп жатқан жоқпыз. Өйткені заңнамада осыған жол берілген. Біз заңдағы сол саңылауды бітеу туралы айтып жүрміз, — деп түсіндірді ол.
Еске салсақ, Серік Жұманғарин Сенат отырысында Астана халықаралық қаржы орталығында қосылған құн салығы мен корпоративтік табыс салығынан жалтару механизмі бар екенін мойындаған болатын.