Жұманғарин Үкіметтің инфляцияны тежеу шараларын атады

АСТАНА. KAZINFORM — Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында маркетплейстерде бөліп төлеген және бөліп төлемеген кезде қосарланған бағалар практикасы енгізіледі.

Инфляция өсімі аясында 2025 жыл сенімді басталды — Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы жайында
Фото: Kazinform

Бұл туралы Үкімет отырысында макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.

— Инфляцияны тежеу үшін Үкімет тарапынан мынадай негізгі бағыттар бойынша шаралар күшейтілетін болады: нарықты өніммен молықтыру; сақтау және тұтынушыға дейін жеткізу инфрақұрылымын дамыту; баға белгілеуді реттеу және монополияға қарсы реттеу. «Инвестицияларға тапсырыс» бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударылады. Ол инфляцияны төмендету үшін өндірістерді дамытуда, ең алдымен, «қарапайым заттар экономикасы» тауарларын ілгерілетуде қолданылатын болады, — деді Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, жобаларды іске асыру бірқатар азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі толық қамтуды және экспортты қамтамасыз етеді.

Бұдан басқа, тауарлар құнына кіретін сыйақылар, комиссиялар және өзге де төлемдер туралы ақпаратты ашып көрсетуді қоса алғанда, маркетплейстерде баға белгілеудің ашықтығын арттыру жөнінде шаралар қабылданады.

— Сатушылар мен сатып алушылар үшін әділ жағдайлар қалыптастыру мақсатында сауда алаңдары мен делдалдар комиссияларының деңгейін оңтайландыру тәсілдері әзірленеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында маркетплейстерде бөліп төлеген және бөліп төлемеген кезде қосарланған бағалар практикасы енгізіледі, — деді ол.

Айта кетейік, Министрлер кабинетінің мүшелері халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын талқыға салып жатыр.

Осыдан бұрын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыруға микроқаржы ұйымдары тартылатыны анықталды.

 

Соңғы жаңалықтар