Жұмысшы мамандық. Қызылордалық автобус жүргізушісінің бір күні қалай өтеді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласының ішіндегі автобус жүргізушілерінің жұмысы қарбаласқа толы.

автобус жүргізушісі
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

Осы орайда 2025 — жұмысшы мамандықтар жылы қарсаңында «Қызылорда автбус паркі» ЖШС-де № 31 бағдарлы автобус тізгінін ұстаған Самат Ақжарқыновтың еңбек ырғағына көз салып көрдік.

автобус
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

Қандай талаптар қойылады?

«Қызылорда автбус паркі» ЖШС-де 700-ден астам адам еңбек етсе, олардың 490-ы автобус жүргізушісі. Автобус жүргізушісіне қойылатын басты талап — «Д» категориясы бойынша бес жыл еңбек өтілінің болуы.

— Бізге келген көлік жүргізушілерін арнайы сынақтан өткіземіз. Сынақ мерзімі 2-3 айға дейін созылады. Одан сүрінбей өткен көлік жүргізушілеріне арнайы автобус бағдары бекітіледі. Әрине, оларға қойылатын талап үлкен. Көлікті сауатты жүргізумен бірге жолаушылармен қарым-қатынас жасау барысында этика талаптарын сақтауға назар аударылады. Автобустың барлығы арнайы камерамен жабдықталған. Жолақыны төлеуге арналған арнайы құрылғы орнатылған. Бізде жолақыны электронды түрде төлеу — 85 теңге болып бекітілсе, жолаушы қолма-қол ақшамен 130 теңге шығындауға мәжбүр, — деді серіктестік директоры Әбдібәкір Маштаев.

Құрылғыға қазақстандық сегіз банкісінің карточкасы және қосымшалары арқылы жолақыны төлеуге болады.

Жолаушыға қызмет — жауапты міндет

Қызылорда қаласының іргесінде орналасқан Тасбөгет кентінде тұратын Самат Ақжарқынов биыл отыз төрт жасқа толды. Екі жыл бұрын «Қызылорда автобус» паркіне жұмысқа келген еді. Одан бұрын Атырау облысындағы «Теңізшевройл» мұнай компаниясында жүргізуші болып еңбек еткен. Ол жақта бір ай жұмыс жасап, бір ай демалған екен. Екі жылдай бұрын қысқартуға ілігіп, көп ойланбастан жергілікті автобус паркіне құжатын өткізген еді. Содан бері аталған мекемеде нәпақасын айырып келеді.

автобус
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

— Мұнда жұмыс екі күн болса, екі күн демалуға мүмкіндік бар. Әрине, бізде жұмыс күні ерте басталады. Үйден таңғы бесте шығамыз. Автобусты жолға дайындайсың. Ең алдымен диспетчерге куәлігімізді көрсетіп, жол парағын алғаннан кейін медициналық бақылаудан өтеміз. Дәрігерлер жүргізушілердің қан қысымын өлшейді. Сондай-ақ ішімдік ішпегеніңді анықтайды. Келесі кезекте механик мамандары автобустың техникалық жағдайына назар аударады. Жүруге жарамдылығы анықталғаннан кейін автобустың тазалығына мән беріледі, — деді Самат бізбен әңгімесінде.

Самат жүргізетін № 31 бағдарлы автобус «Арай-3» мөлтек ауданы мен Талсуат елді мекені аралығында қатынайды. Екі аралықта бір сағаттан астам уақыт кетеді. Таңғы сағат 6.45-те Самат «Арай-3» аумағынан жолға шықты. Бұл мөлтек аудан он жылдай бұрын бой көтерген. Тұрғындардың барлығы көп қабатты үйде тұрады. Олардың басым көпшілігі қаланың орталық бөлігіндегі түрлі мекемеде қызмет атқарады. Оған қоса балалар таңертеңгі сабағына бару үшін автобусқа мінеді.

Таңғы уақыт болғаннан кейін жолаушылар саны көп емес. Десе де әрбір аялдама сайын адам қарасы арта түсті. Автобус Н.Назарбаев даңғылының бойында № 3 емхана, облыстық медицина орталығы, Қорқыт ата университетінің № 5 корпусы, салық комитеті, «Сәулет» шағын аудандары бойындағы жолдан өтті. Осылайша автобус қаланың орталық бөлігіне жақындай түсті.

— Рас, бұрынғы жылдары қалада автобус проблемасы өзекті еді. Бұл қызметті негізінен жекелеген азаматтар атқарды. Бүгінде қаланың қай бөлігіне де барлық талапқа сай келетін автобустар алып барады. Біздің автобустарда барлық жағдай жасалған. Алғашқыда жолаушылар қолма-қол төлеуге әуес еді. Қазір бәрі ұялы байланыс қосымшасы арқылы электронды түрде төлеуді меңгеріп алды. Сондай-ақ бұрын жолаушылар жолдың кез-келген бөлігінде автобустарды тоқтатып мініп кететін еді. Ол жол қауіпсіздігіне де кері әсерін тигізетін. Ал біздің автобустар тек аялдамаға тоқтайды. Көпшілік ол талапқа да бой үйретті, — дейді Самат өзінің жұмысы жайында.

Тұрғындар тәртіпке бой үйретті

Біз бұл уақытта «Автобасқарма», «Универсам», «Болашақ университеті», «Достық үйі», қалалық әкімшілік, университет, № 1 емхана, Ішкі істер департаменті, Айтбай мешіті, «Жайна» базары аялдамаларынан өтіп, ескі базар аумағына жетіп қалған едік. Қаланың аталған бөліктері — халық жиі қоныстанған аймақтар. Сондықтан автобус ішіндегі жолаушылар саны арта түсті. Бұл аумақтарда жолаушылар аялдамадан жиі түсіп, мініп жатты.

Ал Ескі базардан кейін автобус Журба көшесіне бұрылып, одан әрі Сүлеймен Есқараев көшесі, «Сырдария» сауда үйі арқылы емхана, шағын базар, Марал ишан көшесі, № 6 жылу-электр орталығы, ЦКЗ арқылы жүрді. Ал Сарысу көшесінен кейін Талсуат елді мекеніне жетті. Бұл уақытта сағат тілі 8.00-де көрсетіп тұрды.

Байқағанымыз, жол бойында жолаушылар да барлық тәртіпті сақтап, жолақысын уақытылы төлеп жатты. Көлік жүргізушісі де көлікті жайлы жүргізуге мән берді.

— Бізге үлкен жауапкершілік жүктелгенін білеміз. Қаншама адам болса, сонша тағдыр бар. Олардың баратын жеріне аман-сау жетуіне біз жауаптымыз. Рас, өмір болғаннан кейін түрлі мінезді адамды көресің. Кейбірі үйінен әлденеге ашуланып шығады. Көңіл-күйі болмай отырғанын байқайсың. Тіпті, автобуста қасында отырған жолаушымен сөзге келіп жатады. Бұл уақытта барынша сабырға келтіріп, межелі жеріне жеткенге дейін тәртіпті сақтауға шақыруға тура келеді, — дейді Самат.

Талсуат — Қызылорда қаласының іргесінде жатқан елді мекен. Кезінде Сырдария ауданына қараған ауылда қазір 1000-ға тарта адам тұрады. Олардың көпшілігі облыс орталығына қатынап жұмыс жасайды. Сондай-ақ базарға және өзге де шаруамен келіп-кететін азаматтар аз емес.
Самат межелі жеріне жетті. Осылайша өзі жұмысқа түскен күні 6-7 айналым жасайды. Кері бағытта да автобус сол жолмен қатынайды. Тәулігіне 600-700 адамға дейін мінеді.

автобус
Фото: Әділжан Үмбет/Kazinform

Біз автобус жүргізушісінің күнделікті жұмыс ырғағына көз салып көрдік. Жолаушылар тасымалы үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Жұмыс барысында өз міндетін жоғары деңгейде атқаруға мән беріп жүрген Самат секілді мамандардың аз емес екенін байқадық. Тәулік бойына халыққа қалтқысыз қызмет жасау — абыройлы міндет санайтын еңбек адамдары лайықты бағалауға тұрарлық.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Өскемен Водоканал» коммуналдық кәсіпорнында жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқан Қанат Бексұлтановтың жұмыс барысы жайында әңгімелеген едік.

Соңғы жаңалықтар