Жұмысшыларды қорғау, энергетика, білім беру – Астана мен Лондон қандай уағдаластыққа келді

АСТАНА. KAZINFORM – Лондонда Қазақстан-британ стратегиялық диалогының 8-отырысы өтті. Оның аясында Ұлыбританияда маусымдық жұмысшылар бағдарламасы аясында жұмыс істейтін отандастарымыздың құқықтарын қорғауға бағытталған меморандумға қол қойылды. Екі ел арасында осы және өзге де келісімдер жайлы Kazinform агенттігі меншікті тілшісінің материалынан оқыңыздар. 

Маусымдық жұмысшыларды қорғау, энергетика және білім беру – Астана мен Лондон қандай уағдаластыққа келді
Фото: Kazinform

Саясаттан экологияға дейін

Стратегиялық диалог отырысы Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Ұлыбританияның Сыртқы істер мемлекеттік министрі Стивен Даутидің тең төрағалығымен өтті. Кездесу барысында тараптар саясат пен экономикадан бастап экология, мәдениет пен қауіпсіздікке дейінгі мәселелердің кең шоғырын жан-жақты талқыға салынды. Инвестиция, энергетика мен білім беру салаларына, сонымен қатар өзекті өңірлік және халықаралық сын-тегеуіріндерге айрықша назар аударылды.

Ұлыбританияның жаңа лейбористік Үкіметінің басты бастымдығы — экономикалық өсім басты назарға ілінді. Осы тұрғыдан алғанда тараптар екі елдің де өсім драйверіне айналып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына септігін тигізетін ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын тыңғылықты қарастырды.

— Бүгін біз сирек кездесетін металлдар, көлік пен логистика, қаржы және жоғары білім сынды салалардағы ынтымақтастықтың нақты келешегін межеледік. Бұған қоса, дәстүрлі энергетика аясына кіретін энергетика саласындағы ынтымақтастықтың келешегі жайлы сөз қозғадық. Біз жасыл энергетика жайында айтып отырмыз, — деп атап өтті Роман Василенко.

Ұлыбритания Қазақстан экономикасына мол қаржы құйатын 10 ірі инвестордың қатарына кіреді. Елімізде британдықтардың қатысуымен 580 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Ал екі елдің арасында жылдық тауар айналымы 2,8 млрд фунт стерлингті (3,5 млрд доллар) құрайды.

Жұмысшылардың құқығын қорғау

Талқылауға түскен маңызды мәселелерді бірі өткен жылдың сәуірінде қол қойылған Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау барысы болғаны анық. Өткен жылдың шілдесінде Ұлыбритания үкіметінің ауысуына байланысты құжат британдық жаңа басшылық тарапынан қосымша қайта қаралған еді. Осылайша парламентте ратификациялануы тиіс келісім туралы заң жобасының депутаттар қарауына енгізілуі кешеуілдеген болатын. Бұл процестің белгілі бір уақыт алары сөзсіз. Алайда, Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Kazinform агенттігінің тілшісіне «екі елдің де келісімді тезірек ратификациялауға ниетті» растап отыр.

Кездесудің маңызды қорытындысы Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Ұлыбританияның Қанауға және еңбек заңнамасын бұзуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметі арасында маусымдық жұмысшылар бртандық бағдарламасы аясында нәпақы табушылардың құқықтарын қорғау саласында меморандумға қол қойылуы болды. 

Рәсімделген құжат Қазақстан азаматтарының Ұлыбританияда маусымдық жұмыстарды істеген кезіндегі құқықтарық тиімді қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар екі елдің арасында әлеуметтік-еңбек қатынастарын нығайтуға септігін тигізеді. Бұған дейін Kazinform агенттігі Ұлыбритания фермаларында жеміс-жидек пен көкөніс жинаумен айналысатын отандастарымыздың құқықтарының бұзылуы жиілеп кеткендігін жазған болатын.

— Біздің келешектегі серіктестігімізге үлкен сеніммен қараймын. Ұлыбританиядағы қазақстандық маусымдық жұмысшылардың мүддесін қорғайтын маңызды келісімге қол қойып, оларды лайықты түрде назар аударылатындығына кепілдік беріп отырмыз. Өйткені, олар біздің экономикамызда айтарлықтай рөл атқарады. Жалпы, кездесу жемісті өтті. Көптеген маңызды мәселелерді талқыға салып, оң нәтижелерге қол жеткізе алдық, - деді Ұлыбританияның Сыртқы істер мемлекеттік министрі Стивен Даути.

Маусымдық жұмысшыларды қорғау, энергетика және білім беру – Астана мен Лондон қандай уағдаластыққа келді
Фото: Kazinform

Агросектор және тау-кен ісі

Ұлыбританиядағы Қазақстан Елшісі Мағжан Ілиясов инновациялық ауыл шаруашылығы мен тау-кен саласы өзара іс-қимыл үшін келешегі зор бағыттар саналатындығын атап өтеді. Бұл салаларда Ұлыбритания айтарлықтай мол тәжірибеге ие және 2025 жылы екі елдің арасында дәл осы секторларда ынтымақтастық жандана түсетіндігі күтіледі.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұсынған дерекке сәйкес, елімізде 9 мың кен орны, никель, литий, вольфрам, кобальт, литий, молибден, ниобий, олово, тантал, титан сынды 103 түрі пайдалы қазба бар. Қазақстан никель қоры бойынша әлемде 11-орында (2 млн тоннадан астам) тұр. Бұл шикізат қауіпсіздігі мен жоғарытехнологиялық қайта өңдеу саласындағы серіктестік үшін зор келешек ашады.

Қазақстандағы Ұлыбритания Елшісі Кэти Лич білім саласындағы ынтымақтастықтың жандануы күтілетіндігін баса айтады. Биылдың өзінде елімізде Кардифф университетінің кампусы ашылмақ. Ол Russell Group атты Ұлыбританияның мықты университеттер тобына кіретін оқу орны. Кардифф университеті үшін Астанадан 14 гектар жер бөлінген. Білім ордасына қойылған бірінші мақсат — халықаралық стандарттаға сәйкес педагогтерді дайындау.

— Білім беру саласында қуатты динамика байқалып отыр. Қазірдің өзінде британдық университеттердің (De Montfort, Heriot-Watt, Coventry) үш кампусы ашылды. Биыл Кардифф университетін ашуға дайындық жүріп жатыр. Мұнан бөлек қосарланған диплом бағдарламасы мен ынтымақтастықтың өзге де түрлері жұмыс істеп тұр, - деп атап өтті Кэти Лич.

Айта кетерлігі, 2021 жылы Алматыда De Montfort University ресми түрде ашылды. Жаңа жоғары оқу орны бизнес, экономика және құқық, АТ, креативті индустрия салаларында британдық дипломы бар мамандарды даярлайды. Университеттің негізгі артықшылықтарының бірі — түлектердің бәсекеге қабілеттілігі. Бас жоғары оқу орнын бітірген жастардың 97 пайызы оқу бітіргеннен кейін жарты жыл ішінде жұмыс табады және IBM, Microsoft, BMW сияқты компанияларда жұмыс істейді. Ал 2023 жылы Шотландияның ең көне техникалық университеті, мұнай-газ бағытында маманданған Heriot-Watt University Ақтөбедегі Жұбанов университетіне орналасты. Олар алғашқы жылы 300 баланы, биыл 250 баланы қабылдап, 550 студентке білім беруде.

Алдағы уақытта Лондонда Сауда және ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-британ үкіметаралық комиссиясының отырысы өтпек. Онда тараптар 2024 жылдың наурызында қол қойылған аса маңызды пайдалы қазбалар саласындағы ынтымақтастық жол картасының орындалуына шолу жасап, құжатты жаңарту мүмкіндіктерін жан-жақты талқыға салмақ. 

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан-британ стратегиялық диалогы 2013 жылы құрылды. Ол жыл сайын өткізіліп тұрады және екіжақты әрі көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылауға, сонымен өатар серіктестіктің келешегі зор бағыттарын айқындауға арналған тұрақты алаң саналады.

Соңғы жаңалықтар