Жұмыс беруші вакцина алмаған қызметкерді жұмыстан босатуға құқығы бар - Айжан Есмағамбетова

«Бүгінде әлем бойынша 189 млн жағдай тіркелді. Айта кету керек, соңғы апта ішінде әлем бойынша коронавирус індетіне шалдыққандар саны 2 есеге артып отыр. Дерттің үдейе түсуі дельта-штаммен де байланысты, бүгінде аталған инфекция түрі 100-ден астам елде тіркелді. Қазақстан 26 маусымнан бастап «қызыл аймақта» тұр. Елімізде 13 өңір індет қаупі төніп тұрған аймақтар қатарында. Қазақстанда ковид індетінің таралуы өкінішке қарай өсіп отыр», - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Комитет басшысы бүгінде еліміздің барлық аумағында карантиндік шектеулердің қатаңдатылып жатқанын алға тартты.
«Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші вакцина алмаған қызметкерді жұмыстан босатуға құқығы бар. Мақсат – жұмыстан қуу емес, керісінше ұжымдағы басқа да азаматтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қызметкер жұмыстан уақытша босатылады, яғни вакцина алған жағдайда ол өз жұмысын қайта жалғастыра алады. Сондай-ақ, вакцина алмаған жағдайда қызметкер аптасына бір ПТР тест тапсыруына да болады», - дейді ол.