21:01, 20 Мамыр 2022 | GMT +5
Жұмыс берушілер ай сайын төлейтін 3,5 пайыз әлеуметтік сақтандыру не үшін керек
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінде 6,6 млн адам тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша тетігі ретінде әлеуметтік сақтандыру жүйесі енгізілді.
Жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен М ӘСҚ қорына қызметкердің табысынан 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударым төлеп отыр.
«Бүгінгі таңда елімізде аталған жүйеде 6,6 млн адам сақтандырылған. 2021 жылы 340 млрд теңгеге жуық сомаға 1,1 млн-нан астам адам қордан төлем алды. 2005-2021 жылдар аралығындағы әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы - 2,4 трлн теңгені құрап отыр», - деп хабарлады ҚР М ӘСҚ баспасөз қызметі.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесі 6 әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда қолдау көрсетеді, атап айтқанда:
1) еңбекке қабілеттен айырылу;
2) асыраушысынан айырылу;
3) жұмысынан айырылу;
4) жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылу;
5) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты кірісінен айырылу;
6) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу.