Жұмыс орындарын құру үдерісі ЖІӨ-нің өсу қарқынынан қалыс қалуда – министрлік

Елде демографиялық ахуал тұрақталып, еңбек нарығында жастардың қатары артты. Астанада өткен HR-форумда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмыс орындарын құру үдерісі ЖІӨ-нің өсу қарқынынан қалыс қалуда – министрлік
Фото:gov.kz
«Жаңа жұмыс орындарын құру қарқыны жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсім үдерісінен артта қалып отырғанын мойындауымыз керек. Құрылған жұмыс орындарының сапасы қазіргі халықтың сұранысына сай емес деген мәселе де бар. Үлкен сынақ және үлкен мүмкіндік - бұл демографиялық жағдай. Біз елде демографиялық ахуал тұрақталып, еңбек нарғында жастардың қатары артты. Жыл сайын 300 мыңға жас азамат еңбекке араласады. Бұл рекордтық көрсеткіштер және біз үшін үлкен мүмкіндік ұсынады», - деді Олжас Ордабаев.

Бұл ретте вице-министр атап өткендей, елімізде сапалы жұмыс орындарын құру мәселесі өзекті болып отыр.

«Елімізде аймақтық диспропорция бар. Мәселен, халқы тығыз қоныстанған оңтүстікте жалпы өңірлік өнім көрсеткіші (ЖӨӨ) солтүстік аймақтармен салыстырғанда төмен. Мұнда солтүстіктегі халықтың тығыз қоныстанбағанын ескерген маңызды. Сондықтан біз әр өңірге өзіндік саясат, тәсілдер қолдануымыз керек», - деп түйіндеді Олжас Ордабаев.