«Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында 66 мың адам оқумен қамтылды
Бұл туралы бүгін он айдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысына арналған Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.
«Есепті кезеңде негізгі күш-жігер Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын әзірлеуге және іске асыруға бағытталды. Бағдарламаны іске асырудың ілкі жылында алғашқы 4 айдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысу мәселелерімен Жұмыспен қамту орталықтарына 72 мыңнан астам адам келді»,-деді министр. Г. Әбдіқалықованың сөзіне қарағанда, қаралған өтініштер негізінде биылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша 47 мың адам бағдарламаға қатысушылардың қатарына енгізілсе, олардың ішінде 45,4 мыңы әлеуметтік келісімшартқа қол қойды. «Әлеуметтік келісімшартқа қол қойғандардың 56 пайыздан астамы жастар»,-деді министр. Аталған бағдарлама аясында 66 мың адам оқумен қамтылды. Олардың ішінде 44 мыңы кәсіптік даярлаудан өтіп жатса, қайта даярлауға қазіргі кезде 19 мың адам, сондай-ақ біліктілігін арттыруға 3 мың азамат жіберілді.