«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын несиелендіруге 16,9 млрд. теңге қарастырылып отыр

Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында «Жұмыспен қамту - 2020» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысына арналған дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, бағдарламаның шағын несиемен қамтамасыз ету бағытында 2012 жылы жұмсалған қаражат 2011 жылмен салыстырғанда 3,5 есеге артқан. Атап айтқанда, 2011 жылы бұл көрсеткіш 3,6 млрд. теңге болса, 2012 жылы 12,4 млрд. теңгеге көбейіп, 16 млрд. теңгені құраған.
«Биыл бұл бағытта жұмсалатын қаражат 16,9 млрд. теңгеге жететін болады», - деді Серік Әбденов. Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта шағын несиелер көбінесе Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарына бөлінетін болады.
«Жалпы, 2011-2012 жылдары бағдарлама аясында шағын несие алушылар саны 8 мың адамға жетті. 3 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде берілетін бұл несиенің Қазақстан бойынша орташа ставкасы 6,6 пайызды құрады», - дейді министр.