Жұмыспен қамту агенттігінің директоры алаяқ болып шықты

АҚТӨБЕ. 7 сәуір. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Ақтөбелік полицейлер алаяқтық туралы кезекті істі тергеуде.

Жұмыспен қамту агенттігінің директоры алаяқ болып шықты

Облыстық ІІД өткізілген брифинг барысында хабарланғандай, Сазды полиция бөліміне алаяқтық туралы арызданып бірнеше адам келді.

Олардың айтуынша, өткен жылдың қазан айынан бері 12-ші ықшамауданда орналасқан жұмыспен қамту агенттігінің директоры ірі мұнай компанияларында тамыр-таныстарым бар деген желеумен бірнеше адамды жалақысы 200 мың теңгеден кем емес жұмысқа орналастырамын деп уәдеге тойдырып келген.

Арызды тапсырғаннан соң бірнеше күн өткеннен кейін ол өзінің клиенттеріне хабарласып, оларға қажетті жұмыстың табылғанын хабарлап, ол үшін 180 мыңнан 200 мыңға дейінгі теңге көлемінде ақша төлеу керектігін айтқан. Сұраған ақшаны бергеннен кейін сұранушылар жалақысы жақсы жұмыстың орнына жалақысы тым төмен жұмыстарға ие болып отырған.

Қазіргі күні Сазды полиция бөліміне 9 ақтөбелік арызданып келді, бірақ олардың айтуынша, зардап шеккендер саны одан да көп. Аталмыш факті бойынша ҚР ҚК 177-бабы - «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Алаяқтың құрбаны болған адамдарды полицейлер 11-ші ықшамауданда орналасқан полиция бөліміне келуін сұрайды.