Жұмыспен қамту нысанына студенттер мен оқушылар да қатыса алады - Б. Нұрымбетов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жұмыспен қамту нысанына студенттер мен оқушылар да қатыса алады. Бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов осылай мәлім етті.
None
None

«Жұмыспен қамту барысында оған қатысатын адамдардың ауқымын кеңейтуді қарастырып отырмыз. Мәселен, қазіргі қолданыстағы заңда нысаналы топқа 13 санаттағы азаматтар жатқызылған болатын. Енді жаңа заң жобасына сәйкес, біз олардың ауқымын кеңейтеміз. Атап айтқанда, бүгінгі күні кәсіби оқытуға немесе қоғамдық жұмыстарға тек қана жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жіберіліп келді. Ал жаңа заң жобасына сәйкес, бұндай оқыту мен қоғамдық жұмыстарға уақытша жұмыстан босатылғандар мен мәжбүрлі ақысыз демалысқа шыққан азаматтар да қатыса алады», - дейді Б. Нұрымбетов.

Вице-министрдің айтуынша, жұмыспен қамту нысанына студенттер мен мектептің жоғары сынып оқушылары да жазғы демалыста тартылып, олар қоғамдық жұмыстарға қатысатын болады.

«Бұдан бөлек, оралмандарға жұмыспен қамтудың өңірлік квоталары берілетіні белгілі. Осыған қоса, біз әлеуметтік қолдауды, көші-қонға қатысты шығындарды өтеуді заңда жазып отырмыз. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамту жол картасында» шағын несиелер қарастырылған болатын. Бұл норма бұған дейін бұйрықтар деңгейінде реттеліп келсе, енді ондай норма заңнамада жазылады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар