Жұмыспен қамту - Үкімет назарында

Сондықтан дағдарыстың жаңа тұрпатына бейімделген жанды бағдарламалар қажет-ақ. Осының аясында бұл саладағы мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдаса атқарған қызметінің нәтижесінен елімізде азаматтарды әлеуметтік қолдаудың нақты деңгейі аңғарылатыны айқын.
Премьер-Министрдің орынбасары Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Үкімет үйінде өткен ведомствоаралық комиссия отырысы барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2012-2015 жылдардағы кезеңде атқарылған жұмыстарға талдау жасалды. Кеңесте сондай-ақ мемлекеттік бағдарламаға бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану бойынша ұсыныстар талқыланды.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, осы жылдары бағдарлама аясында 4 823 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Жобаларда 63,2 мың адам еңбекпен қамтылса, оның 13,9 мыңы тұрақты жұмыс орындарына тұрған. Мұның өзі бағдарламаның шын мәніндегі өзектілігін көрсетсе керек. Д.Назарбаева оң синергетикалық - әлеуметтік, экономикалық және саяси әсер беретін құжаттың тиімді жұмыс жасауының маңыздылығын баса айтты. Яғни, алдағы негізгі міндет - мемлекеттік бағдарлама аясында жұмысқа тұрған адамдардың кем дегенде 60-70 пайызы тұрақты жұмысқа ие болуы қажет.
Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында ТКШ нысандары - су, газ, жылу, электрмен қамту, кәріз жүйелерін, әлеуметтік-мәдени нысандарды, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу қарастырылған. Бұдан өзге, бағдарламада елді мекендерді абаттандыру көзделеді. Премьер-министрдің орынбасары мемлекеттік бағдарлама жүзеге асыратын жобаларды іріктеу бойынша комиссияға жергілікті өзін-өзі басқару органдарын тартуды тапсырды. «Нақты бір елді мекенде бір нәрсе қолға алынып, жасалатын болса, жергілікті тұрғындар міндетті түрде шешім қабылдауға қатысулары тиіс. Олар өз ауылдарын дамыту - жол, денсаулық сақтау нысаны, мектеп немесе спорт кешені болсын, басымдықтарды таңдауға қатысуы керек», - деп атап өтті Д.Назарбаева.
Бағдарлама аясында жұмыссыз жастар үшін одан әрі еңбекпен қамту міндетінсіз жаппай компьютерлік сауаттылықты, кәсіпкерлік негіздерін, ағылшын тілін оқытуды енгізу ұсынылды. Мұндай машықтарды игеру жұмыс берушілер арасында олардың тартымдылығын арттыруға септігін тигізеді.
Комиссия отырысында талқыланған тағы бір маңызды мәселе - жол картасы аясында қысқартылған жұмыс уақыты үшін білікті жұмыскерлердің жалақысының бір бөлігін уақытша субсидиялау болды. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, осы кезеңдегі мұндай шаралар Алматы қаласындағы, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы сегіз кәсіпорында қарастырылған.
Осы кәсіпорындардың 3,1 мың жұмыскерінің жоғалған кірістерінің үштен екі бөлігін субсидиялауға мемлекеттік бағдарлама аясында 126,7 млн. теңге бөлінеді.
Кеңесте ЖҚЖК - 2020 бойынша микрокредиттеу мәселелерін пысықтау да тапсырылды. Осылайша, бағдарламаның тиімділігін арттыру үшін мал шаруашылығы саласында жеке ісін ұйымдастыру және кеңейтуге микрокредиттеу мерзімін 7 жылға дейін ұлғайту, сондай-ақ микронесие сомасын 16 млн. теңгеге дейін арттыру мүмкіндігі талқыланды. «Мал шаруашылығы, жемшөп базасы, ветеринарияны дамыту салаларындағы жобалардың арасында қаражатты бөліп, фермерлік шаруашылықтарды микрокредиттеуге бағыттайтын қаражатты әртараптандыру қажет», - деді Дариға Назарбаева талқылау барысында.
Кеңес барысында жұмыс орындарын құру ғана емес, сонымен қатар бюджеттен бөлінетін қаражатты тиімді жұмсау маңыздылығы да сөз етілді. Осылайша, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына күрделі жөндеу жүргізу кезінде әкімдіктерге жұмыстар сметасына интернет жүргізуді енгізу, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды ескеру тапсырылды. Бұдан өзге, ауылды елді мекендер арқылы өтетін магистральді автокөлік жолдарын жөндеу кезінде белгілеуді қамтамасыз ету және түнгі уақытта жарықтандыруға ерекше көңіл бөлу қажет.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2012-2015 жылдардағы жұмыстың нәтижелерін талқылауды қорытындылай келе, Д.Назарбаева әкімдіктерге салалық министрліктермен бірге әлеуметтік, көліктік, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның барлық нысандары бойынша электронды толық қажеттілік картасын жасауды тапсырды. Соңғы, келесі жоспарлы, ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізудің жоспарланған мерзімдері, сондай-ақ қолданыстағы нысандарды көркейту немесе жаңа нысандарды салудағы қажеттілік жөнінде айтылды. Мұндай карта мемлекеттік бағдарлама аясындағы жұмыстарды жоспарлау мен бақылауды айтарлықтай жетілдіруге мүмкіндік береді.
Премьер-Министрдің орынбасары барлық салалық ведомстволарға Жұмыспен қамтудың жол картасына одан әрі өзгерістер енгізу үшін кеңестің барлық мәселелері бойынша бірыңғай шешім жасауды тапсырды.