«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына қатысушылар ШҚО-да жәрмеңке өткізді

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - ШҚО Бесқарағай ауданы басшылығының бастамасымен аудан орталығының орталық алаңында жергілікті кәсіпкерлер тауарларының жәрмеңкесі өтті.
None
None

Бұл азаматтар ісін өрге домалату үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несие алған. Жәрмеңкеге аудандағы селолық округтардың 30-дан астам кәсіпкері қатысты.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан хабарлағандай, мемлекеттік бағдарлама бойынша Бесқарағай ауданының 211 өкілі шағын несие алған. Қаражатты ірі қара малды өсіруге, тігін цехы мен шаштараз, тротуар тақталарын шығаратын цех, шағын наубайхана ашуға, ара шаруашылығын дамытып, бал өндіруге, көкөністерді өсіруге және т.б. бағытталды.

Жәрмеңкеге келушілерге тауардың түр-түрі ұсынылды. Оның ішінде ұлттық киімдер, қолдан жасалған кәдесыйлар болды.

Жәрмеңке жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сату үшін қолайлы жағдай жасау және тұрғындарды қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында ұйымдастырылды. Тауарлардың құны нарық бағасынан 10-15 % арзан болды.

Шараның соңында жәрмеңкеге қатысушылар аудан әкімінің құрмет грамоталарымен және «Ет өндіру бойынша үздік жеке кәсіпкер», «Үздік сауда нүктесі», «Жәрмеңкенің танымал тауары», «2014 жылдың үздік фермері», «Үздік жеміс өсіруші», «Жәрмеңкенің жас қатысушысы» аталымдары бойынша естелік ленталармен марапатталды.

Сондай-ақ ұйымдастырушылар мүгедек балаларға арнаулы сыйлықтар тарту етіп, тұрмысы төмен отбасыларына және мүгедек отбасыларына арнап дастарқан жайды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.

«Осындай жәрмеңкелерді өзінің жеке ісін ашқысы келетін, бірақ бұл ойын жүзеге асыра алмай жүрген адамдарға үлгі ретінде және ынталандыру мақсатында облыстың барлық аудандарында ұйымдастыру қажет, - деп есептейді акцияға қатысушылар. - Мұндай шаралар аудан экономикасын дамытуға, қоғамның әлеуметтік және саяси тұрақтылығына, халықтың жұмыспен қамтылуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жастарды ауылға тартуға септеседі».

Соңғы жаңалықтар