17:50, 05 Ақпан 2009 | GMT +5
Жұмыссыздардың есебіне оқу орындарының түлектері де енгізілуі керек ? Е.Қарин
АСТАНА. Ақпанның 5-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Үкімет елдегі жұмыссыздардың есебін жүргізгенде, тізімге биылғы жылы оқу орындарын бітіретіндерді де енгізуі қажет.

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының өкілдері Үкіметке осындай ұсыныс жасағалы отыр. Бұл туралы бүгін елдегі дағдарыс мәселесіне байланысты журналистермен кездескен «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Көпшілікке мәлім, осыған дейін Үкіметте тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелесі талқыланған болатын. Үкіметтің болжамы бойынша, дағдарыстың салдарынан 900 мыңға жуық жұмысшы «нәпақасыз» қалуы мүмкін деген болжам жасалды. Біздің ұсынысымыз бойынша, бұл тізімге биылғы жылы елдегі кәсіптік-техникалық және жоғары оқу орындарын аяқтайтын түлектер де енгізілгені жөн», - деді хатшы.«Нұр Отан» партиясының Саяси жұмыс департаментінің директоры Жанар Боқанованың мәліметтерінше, қазіргі таңда еліміздегі лицейлер мен колледждерде 605 мың адам білім алып жатыр. Сондай-ақ 144 жоғары оқу орнында 633 мың азамат оқуда. Биылғы жылы 180 мыңға жуық студент оқу орындарын бітіреді. 160 мыңға жуық азаматтар кәсіптік-лицейлер мен колледждердің дипломын алады. Сондай-ақ халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша 300 түлек мамандығы бойынша жұмыс іздей бастайды. «Оқу орындарын тәмамдаушылардың басым бөлігі - Алматы қаласының үлесінде. Сондай-ақ оқу орнын бітірушілер Оңтүстік Қазақстан облысында
12 пайызды, Шығыс Қазақстан облысында 7 пайызды, Қарағанды облысында 9 пайызды құрамақ. Үкімет осы мәліметтердің барлығын назарға алғаны дұрыс. Әсіресе, аймақтардың жағдайлары қаперде болуы керек», - деді департамент директоры.Оның пайымдауынша, жас мамандарды қайта даярлау курстарынан өткізіп, Үкіметтің дағдарысқа қарсы жоспарындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарына қатыстыру қажет. Оқу орындарының түлектерін қоғамдық, әлеуметтік жұмыстарды ұйымдастыруға да жұмылдырған дұрыс. «Бұл мәселеге қатысты Ақтөбе облысында жақсы тәжірибе бар. Атап айтқанда, облыстық Білім беру басқармасы аймақтағы оқу орындарымен және жұмыс берушілермен арнайы меморандумға қол қойды. Онда студенттерді облыстағы мекемелерде іс-тәжірибеден өткізіп, одан әрі жұмысқа тарту шаралары қарастырылған. Бұл тәжірибені өзге аймақтарда да қолданса игі іс болар еді», - деді Жанар Боқанова.