Жүрегін ауыстырған шымкенттіктің жағдайы қалыпты

Басқарма басшысы науқастың қазіргі денсаулық жағдайын сұрап, тезірек жазылып, отбасына оралуына тілеулес екенін жеткізді. Сондай-ақ, қаланың бас дәрігері пациентке жасалған трансплантациялық отаның қала медицинасын дамуындағы зор жетістік екенін атап өтті.

Біздің жергілікті кардиохирургтер Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталығы мамандарымен бірлесіп, отаны сәтті жасап шықты. Осы орайда, отаны жасаған білікті дәрігерлерге алғысымды білдіремін. Қала тұрғындарының саулығын жақсартып, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барынша қызмет етеміз
, - деді басқарма басшысы Нұрлыбек Асылбеков.

Айта кетейік, 5 шілде күні Шымкент жүрек орталығында 61 жастағы тұрғынға жүрек трансплантациясы жасалды. Ота кезінде кардиохирургтер пациентке 46 жастағы ер адамның жүрегін орнатып берді. Донорлық жүректі қайтыс болған ер кісінің туған-туыстары пайдалануға рұқсат берген. Күрделі операциядан кейін тоғызыншы күні дәрігерлер науқастың жүрек тамырына стенд орнатып берді. Бүгінде пациенттің жағдайы жақсы. Жүрегін алмастырған науқас медицина мамандарының бақылауында болады.