Жүрекке жол табатын «Жолдар»: «Хабар» арнасында премьера
АСТАНА. KAZINFORM – 12 қаңтарда, кешкі 22:00–де «Хабар» арнасында «Жолдар» атты жаңа сериал көрсетіле бастайды.
Бұл сериал пойыздағы шынайы өмірді, жолсеріктердің күнделікті қызу тірлігін көрсетеді. Осы арқылы мыңдаған жолаушының жайлылығы үшін барын сала еңбек етіп жүрген жандарды терең тани түсеміз.
Бұл өмірде бәріміз — жолға шыққан жолаушымыз, ал пойыздағы сапардың қызықтары таусылмас әңгімеге айналады.
Басты кейіпкер — теміржолда көп жыл қызмет еткен тәжірибелі жолсерік. Ал жаңа қосылған жас та жігерлі әріптестер ескі тәртіпті өзгертуге тырысады. Тәжірибе мен жаңашылдық тартысқа түскен ұжым ортақ шешімдер іздеуге мәжбүр болады.
Сериалда танымал актерлерден Алмат Сақатов, Еділ Анарбай, Гүлшат Такежанова ойнайды.
Тағы бір қызықты тұсы, өмірде теміржол саласында істейтін жолсерік сериалда өз рөлін сомдайды. Оның нақты кім екенін көріп, білу үшін міндетті түрде сериалды көріңіздер. Қызық болады!
Түсірілім Алматыдағы теміржолда, теміржол станцияларда өтті, сондықтан әр кадрдан шынайылық сезіледі.
Жолаушылар мен жолсеріктердің бастан кешкендері арқылы нағыз өмір көрсетіледі.
15 бөлімдік қызықты әрі шуақты сериал ешкімді бейжай қалдырмайды.
Премьераны 12 қаңтар күні кешкі сағат 22:00-де «Хабар» арнасынан көріңіздер!