Жүргізушілердің жолда жүру мәдениетіне баса назар аудару керек - Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы
АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Барлық жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болып жатады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Игорь Лепеха айтты.
«Атап айтқанда біздің жүргізушілердің жол жүру ережесіне, әкімшілік заңнамаға деген қатынасы, сондай-ақ жүргізушілердің өзара сыйластығы тұрғысында үлкен проблема бар. Бүгінде барлық жол-көлік оқиғаларының 90 пайызы көлік жүргізушілерінің кінәсінен болып жатады. Жол қозғалысының қатысушылары ретінде баршамыз бір-бірімізге сыйластықпен қарамайынша және ережелерді дұрыс сақтамайынша - бұл бағыттағы ахуалдың түзелуі екіталай»,-деді ол.
Комитет басшысының айтуынша, жүргізушілердің кінәсінен болған барлық жол-көлік оқиғаларының ішінде 24 пайызы жылдамдық режімін бұзуға қатысты болып отыр. Дәл осы жол ережесін бұзу әрекеттерінің салдары өте ауыр.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы 11 қазанда ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жол-көлік оқиғалары салдарынан адамдардың мерт болуы көрсеткіштерінің өсуіне алаңдаушылық білдірген еді. «Қараңыздар, өткен жылы жолдарда 2145 адам қаза тапты. Осы жылдың 9 айында 2273 адам мерт болды», - деді ҚР Президенті отырыс барысында. Ал жарақат алғандар - 22 мыңға жеткен. Сонымен қатар Елбасы жол ережесін бұзушыларға қатысты заң талаптарын күшейту қажеттігін баса айта келе: «Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші - қылмыскер. Оны бізде бар заңмен барынша қатаң жазалау керек немесе бұл заңдарды күшейту қажет», - деді.
«Бұл - барып тұрған тәртіпсіздік. Адамдардан айырылудамыз. Біз мында оларды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда олар мерт болуда»,- деді Елбасы.