Жүргізуші аптап ыстықта жолға шығарда нені ескеру керек

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздің оңтүстігінде аптап ыстық қайта басталды. ҚазАвтоЖол компаниясының мамандары +30°C және одан жоғары ауа температурасы көлік қозғалысы үшін қауіп төндіретінін ескертіп, жүргізушілерге жолға шығар алдында назар аударатын маңызды кеңестер ұсынды.

жол
Фото: ҚазАвтоЖол

Көліктегі негізгі қауіптер және алдын алу жолдары:

Қозғалтқыштың қызып кетуі

Салқындатқыш сұйықтықтың жеткіліксіздігі, радиатордың ластануы немесе термостаттың ақауы қозғалтқыштың қызып кетуіне себеп болады.

Не істеу керек:

– антифриз деңгейін тексеру
– радиатор тазалығына көз жеткізу
– ұзақ жолдан соң қозғалтқышты бірден сөндірмей, біраз суыту

Кондиционерді шамадан тыс қолдану

Ұзақ уақыт тоқтаусыз жұмыс істеген салқындатқыш жүйе қозғалтқышқа салмақ түсіреді.

Кеңес: кондиционерді орташа қуатта қолданыңыз және қажет болғанда өшіріп, желдетуді қолданыңыз.

Өрт шығу қаупі

Көлік ішіндегі жоғары температура салондағы кейбір заттардың жануына немесе жарылуына себеп болуы мүмкін.

Көлікте қалдыруға болмайтын заттар:

– аэрозоль баллондар
– power bank, зарядтағыштар
– пластикалық бөтелкелер
– көзілдірік, әйнек заттар

Электр жүйесі мен сымдардың қызып кетуі

Ескірген немесе ақаулы сымдар ыстықта жылдам қызып, қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін.

Кеңес: көлігіңіздегі электр сымдарының жай-күйін тексертіп тұрыңыз.

Катализатордың шамадан тыс қызуы

Техникалық ақау болған жағдайда катализатордан от шығуы мүмкін.

Кеңес: дыбысты бәсеңдеткіш жүйені жоспарлы түрде тексеріп отырыңыз.

Жүргізуші денсаулығына төнетін қауіп

Ыстық кезде зейін қою қабілеті төмендейді, бұл — жол-көлік оқиғасына тікелей қауіп.

Кеңес:

– әр 1,5–2 сағат сайын тоқтап, демалыңыз
– жолға таңертең немесе кешке шығыңыз
– көлікте қосымша ауыз су ұстаңыз

Өрт сөндіргіштің болмауы

Кеңес:

– өрт сөндіргіш құрал міндетті түрде көлікте болсын
– оны оңай алуға болатын жерде сақтаңыз

- Сапарға шығарда ауа райы мен көлік жай-күйін тексеріңіз. Жол қауіпсіздігі – өз қолыңызда, - делінген ҚазАвтоЖол таратқан кеңесте.

Айта кетейік, Ақтөбе-Атырау тасжолындағы жол-көлік апатынан 4 адам көз жұмды.

Соңғы жаңалықтар