Жүргізуші куәлігін алу үшін тапсыратын емтиханның ережелері өзгерді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жүргізуші куәлігін алу үшін емтихандарды қайта тапсыру тәртібі нақтыланды. Жаңа ережелерге сәйкес, емтиханды үш рет сәтсіз тапсырғаннан кейінгі әрбір қайта тапсыру ақылы болады.
Ішкі істер министрі тиісті бұйрыққа өзгерістер енгізді. Олар жүргізуші куәлігін алғаш рет алуға ниетті азаматтарға да, куәлігін ауыстыруы қажет адамдарға да қатысты. Атап айтқанда, емтихан өткізу және оны қайта тапсыру тәртібі қайта қаралды.
Емтиханды қашан қайта тапсыруға болады
Құжатқа сәйкес, емтиханды бірінші рет тапсыра алмаған жағдайда, теориялық немесе практикалық емтиханды қайта тапсыру келесі жұмыс күніне белгіленеді.
Егер үміткер теориялық немесе практикалық емтиханнан екі рет өте алмаса, келесі әрекетке кемінде 10 күнтізбелік күннен кейін ғана рұқсат беріледі.
Үш рет теріс нәтиже алғаннан кейін тиісті емтиханды қайта тапсыру ақылы болады. Оның құны Мемлекеттік корпорацияның тарифтері бойынша белгіленеді. Бұл ретте, әрбір әрекеттің арасында кемінде 10 күнтізбелік күн өтуі тиіс.
Емтиханның өтетін орнын, күнін және уақытын бос орындар болған жағдайда таңдауға болады. Алайда емтиханға оны өткізетін күнге дейін кемінде бір жұмыс күні бұрын жазылу қажет.
Азаматтар қандай жағдайда емтиханнан бір жылға шеттетілуі мүмкін
Егер теориялық емтихан кезінде үміткер ұялы телефонды, шпаргалканы немесе басқа электрондық құрылғыларды пайдаланса, емтихан материалдарымен алмасса не емтихан залынан шығып кетсе, сынақ тоқтатылады.
Мұндай жағдайда үміткерге «Тапсырмады» деген баға қойылып, теориялық емтиханды қайта тапсыруға тек 12 айдан кейін ғана рұқсат беріледі.
Емтихан нәтижелеріне шағымдануға бола ма
Үміткерлер теориялық емтихан нәтижелерімен немесе практикалық жүргізу кезінде қойылған айыппұл балдарымен келіспеген жағдайда апелляция бере алады.
Шағымды қарау барысында фото және бейнематериалдар пайдаланылады. Шешімді кемінде үш адамнан тұратын комиссия қабылдайды. Оның құрамына уәкілетті органның, Мемлекеттік корпорацияның және оқу ұйымының өкілдері кіреді.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру кезінде не өзгереді
Бұйрықта жүргізуші куәлігін ауыстыру тәртібі де нақтыланған. Цифрлық сервистер арқылы өтініш берген кезде кейбір құжаттарды сканерленген нұсқада ұсынуға және мемлекеттік бажды онлайн төлеуге болады.
Шетелдік жүргізуші куәлігін қазақстандық куәлікке ауыстыру үшін теориялық емтиханды сәтті тапсыру және құжаттың түпнұсқалығын шет мемлекеттің құзыретті органы арқылы растау талап етіледі.
Сонымен қатар, жол жүрісі қағидалары бойынша білімді тексерудің жеке тәртібі енгізілді. Мұндай емтиханға «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы жазылуға болады. Емтихан нәтижелері туралы мәліметтер 12 ай бойы сақталады.
Айта кетейік, бұған дейін «Жүргізуші куәлігіне емтиханды жеке ұйымдар қабылдай ма?» деген сұраққа ІІМ жауап берген еді.