Жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған 1,5 мың адам ұсталды - ІІМ
АСТАНА. KAZINFORM – Жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған 1,5 мың адам ұсталды. Бұл туралы ІІМ Ақпараттық саясат департаментінің басқарма бастығы Бауыржан Максимов мәлім етті.
«Республика бойынша «Учаске» және «Құқықтық тәртіп» кең ауқымды жедел-алдын алу іс-шаралары жүргізіліп, оған 16 мыңнан астам полиция қызметкері мен ұландықтар жұмылдырылды. Үш күн ішінде 1 260 қылмыс тіркелді. Оның 858-і кезекші тәулікте ашылды. Тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағаны және алып жүргені үшін 180 адам, оның ішінде 78-і есірткі үшін, 54-і атыс қаруы үшін, 31-і суық қару үшін ұсталды. Есепте тұрған 39 мыңнан астам адам тексерілді. Оларға қойылған шектеулердің 392 рет бұзылғаны анықталды», - деді басқарма бастығы министрлікте өткен брифингте.
Оның дерегінше, үш күн ішінде 9 мыңнан астам қараусыз қалған үй, 17 мыңнан астам саяжай және 13 мыңға жуық пәтер тексерілді.
«29 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Олардың ішінде ұсақ бұзақылықтың – 547, алкогольдік ішімдіктерді ішудің немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүрудің – 3 300, тыныштықты бұзудың – 1 245, қорғау нұсқамаларын бұзудың – 152, әкімшілік қадағалауды бұзудың – 63, қарсы жолаққа шығудың – 201, көлік құралын мас күйінде басқарудың 274 фактісі бар. 4 390 жаяу жүргінші ереже бұзған. Сонымен қатар, 1,5 мың адам жүргізуші құқығынан айырылғанына қарамастан көлік басқарған», - деді Бауыржан Максимов.