Журналист Козачковтың байланысы бар Қоспаев қылмыстық тобы туралы не білеміз
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қоспаев пен оның сыбайластары танымал кәсіпкерлердің бизнесін тартып алуы теріс қоғамдық резонанс тудыратынын түсініп, Козачковтың қызметтерін рейдерлік басып алу құрбандарына ақпараттық шабуыл жасау мақсатында пайдаланған.
Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық топтың Алматы қаласының кәсіпкерлерін қорқыту арқылы рейдерлік әрекетін жүзеге асырғанын хабарлады. ҰҚТ зорлық-зомбылық пен қорқыту арқылы кәсіпкерлердің мүлкін тартып алумен, компаниялардағы үлесін өз атына аударумен және көлеңкелі бизнеспен айналысты.
Мәселен, 2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40% -ын ҰҚТ-ның белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр етті. Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттетіп, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленген. Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс тапқан.
Ал 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіріп, ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге көндірген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегіне сай, Қоспаев бастаған жоғарыда аталған ҰҚТ мүшелері компанияларды өз бақылауына алып, оларды Алматы, Атырау, Қостанай, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында алкоголь өнімдерін заңсыз сатуға пайдалана бастаған.
Қоспаев пен оның ҰҚТ мүшелері еш жаза болмайтынын сезініп, табысты кәсіпорындарды тартып алуды одан әрі жалғастырған. 2021 жылдың шілдесінде Қапшағай су қоймасында «Kapchagai Marina Сlub» ЖШС-не тиесілі құны 2 млн АҚШ доллары болатын демалыс аймағын күшпен иемденді.
Сонымен қатар, Қоспаев өзінің сенімді тұлғалары арқылы Алматы қаласының ең беделді аудандарының бірінде «Есентай Сити» тұрғын үй кешенінің құрылысын жүргізетін «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесінің 75% иеленді. Қалған 25%-ы белгілі кәсіпкер Әбдіғаппаровқа тиесілі болды, ол 2016 жылы ЖШС атынан тұрғын үй құрылысына 31 га аумақты сатып алған.
ҚМА мәліметіне сүйенсек, Қоспаев пен оның серіктестері баю мақсатында туыстарына пәтерлер мен коммерциялық үй-жайларды рәсімдеу арқылы ЖШС мүлкін ұрлаған. 2018 жылдың қазан айынан бастап, Қоспаев пен ҰҚТ мүшелері Бабаев, Әбіжанов, Танашев, Кудряшова және басқа да тұлғалар 3 жер учаскесін, 20 кеңсе үй-жайын және 113 пәтерді иемденді. Сөйтіп 4,6 млрд теңге сомасына залал келген.
Қоспаев бірлескен меншік иесі Әбдіғаппаровтың компанияның мүлкін ұрлаумен байланысты шағымдарын болдырмау үшін оның анасы С. Жүнісбековаға рәсімделген 25% үлесін алып қоюды ұйғарған. Әбдіғаппаровты ұстау және кейіннен тұтқындау ҰҚТ мүшелері үшін оның қарт анасы С. Жүнісбековаға қысым жасау құралы болды, «AV-Construction» ЖШС-дегі үлесі үшін ұлының түрмеден шығуына көмектесуге уәде берген. ҰҚТ мүшелерінің шабуылына төтеп бере алмаған С. Жүнісбекова ұлы үшін қорқып, компаниядағы өз үлесін өтеусіз ҰҚТ мүшелерінің атына аударып берген.
Тергеу аясында ҰҚТ қылмыстық жолмен алынған мүлкіне тыйым салынды – бұл 133 жылжымайтын мүлік, 11 жер, 35 премиум көлік және 9 миллион доллар қолма-қол ақша. Сонымен қатар, Қоспаев ешқандай құжатсыз Алматы облысында қала сыртындағы бассейні, тренажер залы бар сәнді үй салған. Онда ол асыл тұқымды жылқыларды өсіріп, жабайы жануарлардан хайуанаттар бағын ұстаған, онда арыстандар, аюлар және басқа аңдар болған.
«Қосымша ішкі істер органдарына 2018-2021 жылдары осы үйдің қызметкерін ҰҚТ мүшелерінің бірнеше рет зорлау фактісі бойынша материал жіберілгенін хабарлаймыз. Рейдерлік басып алу фактісі және ҰҚТ жұмыс істеуіне ықпал еткен қатысушы тұлғаларды анықтау бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр» деп жазды агенттік.
Ұйымдасқан қылмыстық топ 11 қатысушыдан құрылған, қазіргі уақытта оның 5 қамауға алынды, ал ұйымдастырушы Елдос Қоспаевпен бірге 6 адамға іздеуге жарияланды.