Журналист Мұхтар Түменбай дүниеден өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Белгілі журналист Мұхтар Түменбай 55 жасқа қараған шағында қайтыс болды. 

Мұхтар Түменбай
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мұхтар Түменбай 1970 жылы 11 тамызда дүниеге келген. Ол — белгілі жазушы Жақсылық Түменбаевтың ұлы. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алған. Еңбек жолында бірқатар басылым мен республикалық телеарналарда қызмет атқарған. «Qazaqstan» телеарнасындағы «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі болды. Сондай-ақ ол «Мәншүк. Әкеге араша түскен қыз», «Төрт қайсар», «Әлия. Ерлік алгоритмі» сынды соғыс қаһармандарына арналған деректі фильмдердің авторы.

Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, жазушы, отандық ақпарат кеңістігінде өз қолтаңбасын қалдырған тұлға Мұхтар Түменбайдың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, барша әріптестеріне қайғыра көңіл айтты.

— Мұхтар Жақсылықұлы — өзінің шығармашылығы мен азаматтық ұстанымымен ел есінде қалған тұлға еді. Ол қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып, талай маңызды бағдарламалар мен деректі фильмдердің авторы атанды. Әсіресе, «Апта» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы арқылы елдегі маңызды оқиғаларға терең талдау жасап, көрерменнің құрметіне бөленді. Сондай-ақ, тарихи-патриоттық деректі фильмдері жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух дарытып, ел тарихын ұмытпауға үндеді. Ардақты азаматтың адамдық болмысы, кәсіби біліктілігі — кейінгі буын қалам ұстаған жастарға әрдайым үлгі болып қала бермек. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Алланың рақымы мен мейірімі жолдас болып, рухы пейіште шалқысын, — делінген министрлік хабарламасында.

Соңғы жаңалықтар