Журналист Ринат Досымов туған күнінде мәңгілік сапарға аттанды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Kazinform ақпарат агенттігінің редакциясы орны толмас қазаға душар болды. Біздің адал дос, әріптес, шығарушы редактор Ринат Досымов өмірден өтті. Ринат 15 тамыз күні 43 жасында… өзінің туған күнінде мәңгілік сапарға аттанды.

Журналист Ринат Досымов туған күнінде мәңгілік сапарға аттанды
Фото: instagram.com/rinat.dussumov

Ол түрлі басылымдарда журналист, шолушы, арнайы жоба жетекшісі, редактор болып жұмыс істеді. Журналистикада шамамен 20 жыл еңбек етті, оның елеулі бөлігі Kazinform агенттігінде өтті. Жоғары кәсібилігі, ұқыптылығы және мінсіз жауапкершілігі, қызметіне деген адалдығы үлгі тұтарлық еді. 

— Бізге қаралы хабар жетті. Қорқынышты. Ауыр қайғы. Ринат Досымов өмірден өтті. Жақсы адам еді. Бүгін, 15 тамыз оның туған күні еді… Ринат көпшілікке өзін жария етіп, көрсете бермейтін. Өз әлемінде, тыныштықта өмір сүріп, ең қымбатын қорғаштайтын. 2012 жылы отыз жасында елордаға қоныс аударды. Қиындықты еңсере отырып, кәсіби маман деңгейіне жетті…

Ал бүгін мәңгілікке аттанды. Тым жас еді. Иманы саламат болсын. Жаны жәннәтта болсын. Алды жарық болсын, — деп жазды Ринаттың досы, қоғам қайраткері, публицист, педагог, Журналистер одағының мүшесі Әлия Ахетова.

Ринат Досымов
Фото: Kazinform

Біз үшін Ринат Досымов жай ғана әріптес емес еді. Ол  жүрегі жылы, әзілдей білетін, кез келген жағдайда қолдайтын сөз таба білетін адам болатын. Әрдайым қолдау көрсетіп, кеңес беріп, қиын сәтте жәрдемдесуге уақыт табатын.

— Ринат менің есімде әрдайым күлімсіреген, жарқын адам ретінде қалады. Айтқан әңгімесі де, жан дүниесі де жылы, ал жұмыста талапшыл. Ол өте кішіпейіл еді, туған қаласы Көкшетауда оны жақсы білсе де, Астанада біз оның талантын бірден тани қойған жоқпыз. Сырттай қарапайым көрінгенімен, жан дүниесі бай болатын: музыканы жанындай жақсы көретін, кәсіби деңгейде ән айтатын, көптеген байқау мен фестивальдердің лауреаты және жеңімпазы болған. Поэзия ауылынан да алыс емес, саяхаттағанды жақсы көретін, — деп еске алады Kazinform шығарушы редакторы Жанар Мұхамедиярова. 

Өте кішіпейіл жан еді. Соңына дейін бізбен байланыста болып, жұмысымыз қалай жүріп жатқанын сұрап, алаңдап отырды. Бұл Kazinform агенттігі үшін де, әрқайсымыз үшін де орны толмас қаза.

Ол еңбегіне, қызметіне адал еді. Тыңдай да, түсіне де білетін, шабыттандырып, алға жетелейтін. Онымен әр кездесуден кейін шабыт алып қайтатын едік. 

Ринат Досымов
Фото: Kazinform

— Қаралы хабар жетті. Ринат Досымов мезгілсіз дүниеден өтті, ол көп жыл бойы Kazinform агенттігінде шығарушы редактор болып жұмыс істеді. Жас, өмірге құштар, өз ісін өте жақсы көретін. Татар, поляк, қазақ бір бойында тоғысқан жігіт еді. Өте жақсы адам, мықты журналист еді. Урыны җәннәттә, рухы тыныч, туфрагы җиңел булсын! — деп жазды Facebook-те Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асқар Омаров.

Ринат - сөзге шебер, талантты редактор, өмірді, достықты және қарапайым қуанышты бағалай білген адам ретінде есте қалады. 

Ринат Досымов
Фото: instagram.com/rinat.dussumov

— Мен үшін Ринат жай ғана әріптес емес, қызметтегі үзеңгілес серігім, досым еді… Біз онымен 10 жыл қатар, иық тіресе жұмыс істедік. Осы уақыт ішінде ол мені өзі ұйымдастырған байқаулар мен шығармашылық кештерге кейде қатысушы, кейде қазылар алқасының мүшесі ретінде қатысуға шақырды. Татар және поляк мәдениетімен, әдебиетімен, шығармашылық тұлғалармен таныстырды. Өзі де сондай еді, ән айтқанды, өлең жазғанды, армандағанды ұнататын…

Әріптес ретінде әрдайым қолдау көрсететін, бірақ кейде мақала тақырыбы немесе грамматика, фотосурет үшін сағаттап дауласатын едік. Көбірек мақала жариялау бойынша өзара бәсекелестік болды, осылайша бір-бірімізді ширатып отырдық. Оның жоқтығы қатты сезіледі. Мен үшін Kazinform агенттігіндегі жұмыс әрдайым оның есімімен байланысты болады. Бірақ бәріміз де фәниде мәңгі емеспіз… Алла тағалаға да жақсы адамдар керек шығар. Иманды бол, жаның жәннәтта болсын, менің ең жақсы серігім — Ринат, — дейді Kazinform орыс редакциясының шығарушы редакторы Гүлмира Байзакова.

Оның жарқын бейнесі туыстарының, достарының және әріптестерінің жүрегінде мәңгі сақталады. Біз марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

Kazinform редакциясы 

Соңғы жаңалықтар