Журналистер әлеуметтік қолдаудан шет қалып келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде құзырлы мекемелер мен құқық қорғау орындарынан әділдік таппай, тарыққан жұрттың баратын жері бұқаралық ақпарат құралдары болып отыр.
None
None

Қалың жұрттың көптеген өзекті мәселесі журналистердің араласуымен шешіліп жататыны әдеттегі жағдайға айналған және солай болуға тиіс те. Алайда, өзгелердің мұң-мұқтажын қорғауға барын салатын тілшілер қауымының өз жағдайы да мәз болып тұрмағаны бүгінде ешкімге құпия емес. Қызмет бабында өміріне қауіп те төнетін, жұмысы үйіне еріп келетін, көбіне күнді күнге, түнді түнге ұрып мақаласын жазатын журналистер үшін біздің елде ешбір әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған. Мәселен, олар күні бүгінге дейін барлық сала қызметкерлері қатыса алатын тұрғын үйге қатысты сан бағдарламаға мұрнын да сұға алмай келеді. Себебі, журналистің статусы азаматтық пен мемлекеттік қызметкердің екеуіне де жатпайды. Ал, өз күшімен сатып алып немесе несиеге баспана алуға жарытымсыз жалақысы жетпейді. Осының салдарынан бүгінде көптеген журналистердің әркімнің босағасында тірлік кешіп жатқан жайы бар. Олардың басым бөлігі, әрине, жастар. Әсіресе, еліміздегі БАҚ-тың дені шоғырланған Астанада әріптестеріміздің жағдайы төмен болып тұр.

Журналистердің арқасына аяздай батқан осы мәселе биыл алғаш рет Парламент Сенатының мінберінде көтерілді. Қалың қаламгердің жайына алаңдаушылық білдіріп, олардың жоғын жоқтаған ақын ағамыз Нұрлан Оразалин. Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдаған сенатор бұл ретте біраз деректі ортаға салды. Оның айтуынша, жалпы елімізде бүгінгі таңда 146 телерадио компания, 88 телекомпания, 58 радиокомпания, 98 кабельді оператор, 1364 газет және 522 журнал, 64 ақпараттық агенттік тіркелген екен. Ағамыз заңды түрде рәсімделіп, жұмыс жасап жатқан осыншама бұқаралық ақпарат құралдарында неше журналистің қызмет етіп жатқаны, олардың қаншалықты деңгейде әлеуметтік қамсыздандырылғаны жөнінде мәліметтің жоқ екеніне қатты қынжылды. Осы ретте «Шын мәнінде Тәуелсіз Қазақстанның ынтымағы мен бірлігіне, Елбасы жүргізіп отырған экономикалық реформалардың жүзеге асуына, ел өміріндегі саяси тұрақтылық пен рухани өрлеудің баянды болуына жанын жалау етіп үлесін қосып келе жатқан қауымның бірі осы журналистер болса керек» деген сенатор, әсіресе, Астана қаласындағы журналистерге қиын болып отырғанына назар аудартты. Одан әрі «Елордада қалыптасқан заман талабына сай жұмыс жасайтын қуатты медиа орталық тәуелсіз еліміздің ақпарат кеңістігінде еркін әрі шапшаң қадамдар жасауына мүмкіндік тудырды. Бұл сөз жоқ, жаһандану дәуірі қалыптастырып отырған талаптарға жауап беретін игілікті құбылыс», - дей келіп БАҚ-та жұмыс істейтін журналистерге баспана жағынан қамқорлық жасау тәуелсіз еліміздің ішкі беріктігі мен саяси тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жүргізілер маңызды шараның бірі екенін шегелей айтты. Және мұндай қолдаудың журналистер ғана емес, бүгінде осындай пәтер тапшылығын тартып отырған өнер мен әдебиеттің біраз өкілдеріне қажет деген ойын ортаға салды. Үкіметке нақты ұсыныс жасады.

Сенатордың айтуынша, бұл мәселенің шешімі Үкіметтің арнайы бағдарлама қабылдауы арқылы жүзеге асуы керек. Өйткені, қазіргі жүзеге асырылып жатқан «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасының ауқымы шектеулі. Онда журналистерді, әдебиет, мәдениет өкілдерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылмаған. Сондықтан, мәселені Үкімет аталмыш сала қызметкерлері үшін арнайы құжат дайындап қарастырғаны дұрыс. Оның ішінде, журналистер үшін қолжетімді баспанамен қатар, жас отбасылар үшін жатахана салу мәселесі де тыңғылықты қамтылуы қажет.

Ағамыз әрине, әріптестеріміз үшін түйткілге айналған баспана жайын өзінің құзыреті жеткен жеріне дейін көтерді. Ол тыңдаушысын таба ма, әлде жетім сөзге айнала ма, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен, журналистің де осы елдің азаматы, оның да отбасын құрып, бала өсіріп отырғанын елеп, ескеретін сәт келген сияқты. Биылғы аяқталуға жақын қалған жылда журналистер мәселесі биік мінберден көтерілді. Қаламгерлер әзірге осыны қанағат тұтып отыр.

Соңғы жаңалықтар