Журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін шамшырақ болуы керек — Президент
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгінгі журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдерін марапаттау рәсімінде айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеу дұрыс емес деп санайтынын жеткізді.
— Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, қазір еліміз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатыр. Бірақ бұл — төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес.
— Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз — осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсу керек. Осы бағыттағы жұмысты күшейту — айрықша маңызы бар міндет.
— «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге — журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын, — деді Президент.
Айта кетейік, 28 маусым — БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистер қауымын құттықтады.
Еске сала кетсек, 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің кәсіби мерекесін бекіту жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Үкіметтің тиісті Қаулысы жарияланып, 28 маусым күні Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі аталып өтетін болды.