Жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол – Президент

Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Бұл туралы Ақордада Республика күніне орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

ҚР Президенті
Фото: Ақорда

«Екі жылға да жетпейтін аз уақытта елімізде іске асырылған реформалар халықтың саяси сана-сезімін едәуір өзгертті. Енді жұртымыз мемлекетті басқарудың бұрынғы тәсілін қайтаруға жол бермейтініне сенімім мол. Реформалардан кейін өткенге қайта оралмаймыз. Өзгерістер әлі жалғасады және мемлекетіміздің сипатын толық өзгертеді. Бірақ біз реформаны жүзеге асырғанда, ең алдымен, ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығын естен шығармауымыз керек. Әйтпесе Қазақстанның мемлекеттілігіне зор қауіп-қатер төнуі және оның салдары ұлт болашағы үшін өте ауыр болуы мүмкін», - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондықтан әрбір азамат заң мен тәртіпті сақтауы керек деп үнемі айтып жүргенін еске салды.

«Біз сөзбен де, іспен де қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдыруға және жалпыұлттық бірлікті нығайта беруге тиіспіз. Халқымыз азат ел болып, мықты әрі әділетті мемлекет құру туралы арманын береке-бірлігінің арқасында ғасырлар тезінен аман алып шығып, ақиқатқа айналдырды», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар