Жұртшылық Конституциясының жобасын қолдаса озық инновациялық жүйе құруға мүмкіндік туады - Президент

АСТАНА.KAZINFORM - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген сөзінде жаңа Конституция жобасы турасында да сөз қозғады.

Тоқаев
Фото: Ақорда

- Отбасын қорғау мәселелері жөніндегі уәкіл қоғамдық лауазымын енгізу адам құқықтарының қорғалуы мен отбасы институтын күшейтетініне сенімдімін. Отбасы омбудсмені Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының бірінші орынбасары ретінде қызмет етіп, атқарылған істер туралы Мемлекет басшысына есеп беріп отырады. Мұндай жүйе тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын кешенді түрде жолға қоюмен қатар, отбасы саясатындағы басқа маңызды түйткілдерді шешуге мүмкіндік береді, - деді.

Сондай-ақ Президент Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болатынын айтты. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз.

- Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады. Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн. Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады,-деп қорытты Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, осыған дейін Мемлекет басшысы әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады.

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум