Жүсіпбек Аймауытовтың 20-дан астам драматургиялық шығармасы табылды

а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда «Ар алдаспаны Аймауытов» атты республикалық ғылыми конференция өтті. Іс-шарада тұлғаның өмір жолы мен қазақ театр өнеріне сіңірген еңбегі жайында баяндалды.

Биыл көрнекті жазушы, драматург, публицист, қазақ әдебиетінің негізін қалыптастырушылардың бірі, Ертіс-Баян өңірінің тумасы Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына 135 жыл толды.

Тұлғаның мерейтойына орай Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ұйымдастыруымен «Ар алдаспаны Аймауытов» атты республикалық ғылыми конференция өткізілді.

а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Конференция жұмысына КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, өнертану докторы Бақыт Нұрпейіс, Жүсіпбек Аймауытовтың шөбересі (жиеншары) Павел Аймауытов және жүсіпбектанушы ғалымдар мен қаламгерлер, театр саласының майталмандары қатысты.

— Тұлғаның Баянауыл жерінен түлеп ұшып, қазақ руханияты мен мәдениеті үшін жасап кеткен жақсылығын әлдебір дүниемен өлшеу мүмкін емес. Ғалым ретінде өмірінде атқарған істері бір төбе. Ал ұлт жоқшысы, халық педагогикасының шебері, публицист, драматург ретінде атқарған еңбектерінің жемісін бүгінгі ұрпақ әлі де көріп, сезініп отыр, -деп атап өтті Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова құттықтау сөзінде.

Іс-шарада Алаш қайраткерінің Қазақ театр өнеріне енгізген жаңашылдығы, драматургиядағы шығармашылық қыры, тұлғаның өміріне қатысты тың мәліметтер баяндалып, жүсіпбектану мәселелері талқыланды.

а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— Бүгінгі қоғам — кітап оқымайтын қоғам. Демек, осы орайда театрдың еңбегі — ерекше. Ал кітап оқымайтын, кейіпкерді танымайтын адамға сол шығарманы сахналау оңай емес. Театрда прозалық шығармаларды сомдау — өте маңызды. Бұл бағытта үлкен жұмыстар атқарылуы керек. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» шығармасы — бүгінгі күннің өзекті мәселесін көрсететін, ой тудыратын шығарма, — деп ой бөлісті М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Ал филология ғылымдарының кандидаты, Торайғыров университеті үштұғырлы тіл кафедрасының меңгерушісі, жүсіпбектанушы ғалым Айман Зейнулина Алаш арысының драматургиядағы қыры жайында баяндады.

Айтуынша, ғалымдар осы уақытқа дейін тұлғаның 10-ға жуық драматургиялық шығармасы бар деп есептеп келген. Жуықта табылған архивтік құжаттардан Жүсекеңнің театрға арнап 25-тен астам шығарма жазғаны анықталған.

Сондықтан драматургтің бұл тұрғыдағы еңбектері әлі де зерделей түсуді қажет етеді.

а
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Конференцияда сондай-ақ, Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Мұхит Омаров, қаламгер Серік Елікбай, ақын, жазушы, «Ақбеттау» журналының редакторы Сайлау Байбосын, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев, ҚР еңбек сіңірген артисі Мұхтархан Манап Ж.Аймауытовтың қазақ театр өнерін дамытуға сіңірген еңбегі жайында өз білгендерімен бөлісті.

Еске сала кетейік, Баянауылда Аймауытов құрған «Мәдени кіндік» мекеніне белгітас қойылды.

Соңғы жаңалықтар
telegram