Жүйелерді біріктіріп, төлемдерді оңтайландыру миллиардтаған теңге үнемдейді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің 200-ден астам компоненті интеграцияланады. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектенов AMANAT партиясы фракциясының кеңейтілген отырысында айтты.

Внедрение блочного бюджета
Фото: Kazinform

«Осы мақсатта менің басшылығыммен Цифрлық штаб құрылды. Біздің міндетіміз – Президент тапсырмаларын сапалы әрі жедел орындау. Штабтың шешімімен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін интеграциялауға арналған кешенді жоспар бекітілді. Ол 200-ден астам компонентті қамтиды», – деді Үкімет басшысы.

Интеграциялау жұмыстары шығындарды азайтуға, жүйелердің функционалдық қайталануын болдырмауға және статистикалық айырмашылықтарды шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні жедел енгізуді басым бағыт ретінде айқындаған болатын.

Үкімет басшысының айтуынша, жасанды интеллект құралдарына арналған деректер массивтерімен жұмыс істеу регламенті және оны іске асыру жоспары бекітілді. Сонымен қатар ұлттық ақпараттық қауіпсіздікті күшейту шаралары аясында барлық мемлекеттік органдарды қазақстандық Aitu мессенджеріне көшіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарға шоттағы қаражат жеткіліксіз болған жағдайда да eGov, eOtinish, Aitu және басқа да сервистерге қол жеткізу мүмкіндігі қамтамасыз етілді.

Премьер-Министр әлеуметтік төлемдерді цифрландыру мен процестерді оңтайландыру бюджет шығындарын айтарлықтай қысқартқанын атап өтті.

«Қазір Еңбек министрлігі әлеуметтік шығындар бойынша мемлекетке түсетін жүктемені оңтайландыруға бағытталған жұмыстарды белсенді жүргізіп жатыр. Бұл шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға көрсетілетін жәрдемді қысқарту емес, барлық параметр бойынша мұқтаждар санатына жатпайтын адамдарды әлеуметтік қолдау жүйесінен шығару туралы болып отыр. Цифрлық отбасы картасының көмегімен халықты алты санатқа бөлдік. Алтыншы санатқа үйі, автокөлігі, тұрақты жұмысы бар, бірақ мемлекеттен әлеуметтік төлемдер алып отырған адамдар кіреді», – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, пилоттық режимде Қарағанды мен Шымкентте енгізілген скоринг жүйесі кейін барлық өңірлерге таратылады.

«Осы жұмыстың нәтижесінде 2024 және 2025 жылдары біз 280 млрд теңгеден астам, шамамен 290 млрд теңгені үнемдедік. Бұл негізінен жергілікті бюджеттердің қаражаты. Келесі жылы тағы кемінде 165 млрд теңгені үнемдей аламыз. Кей өңірлерде бір бала бір күнде 10 үйірмеге қатысқан деген жалған деректер болғаны белгілі. Қазір біз осы салада тәртіп орнатып жатқандықтан, осындай үнемдеуге қол жеткізіп отырмыз», – деді Премьер-Министр.

Олжас Бектенов Үкіметтің бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратынын атап өтті.

Айта кетейік, Премьер-Министр цифрландырудың жұмысшыларға жаңа мүмкіндіктер беретінін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар