Жүйрікке мініп жүйткиді: 11 жасар шабандоз қыз

Шабондоздар ішіндегі жалғыз қыз
Жанель Сауменованың отбасы Өскемендегі Жібек маталар комбинаты ықшам ауданында тұрады. Әкесі Мақсат жеке кәсіпкер. Ал анасы Александра Ұлан ауданы Желдіөзек ауылында орналасқан ат клубының жетекшісі. Ерлі-зайыпты 5 бала тәрбиелеп отыр. Шабандоз қыздары үйдің үлкені.
«Анам бір жасымнан бастап атқа мінгізді. Ал ат спортына 5-ке толғаннан кейін ден қойдым. Атқа мініп кедергілерден секіруді үйрендім. Басында оңай болмады. Бірақ еш қорықпадым. Уақыт өте келе қолымнан келетінін сездім. Ал бәйгеге алғаш рет 8 жасымда қатыстым», - дейді Жанель.
3 жыл бұрын ол Күршім ауданындағы бәйгеде 15 шақырымға шапты. Мәреге 30 минут ішінде жетіп, үшінші орын алған.
«Қуанышымда шек болмады. Аттан түскенде аяғымның қатты талғанын сездім. Жарыс алдында анам екеуіміз ұзақ дайындалдық. Күн сайын 1 сағаттан жаттықтық. Ал негізі аптасына кем дегенде 3 рет атқа мінемін. Анама аттың жем-шөбін дайындауға көмектесемін», - дейді 11 жасар қыз.
Содан соң шабандоз Семей қаласы Шүлбі кентіндегі аламан бәйгеде 5-ші болып келген. Ұлан ауданындағы 15 шақырымдық екі бәйгеде 2 және 3 орындарды иеленді. Осы жылы Катонқарағай ауданында өткен бәйгеде 50-ге жуық қатысушының ішінде 6-шы орын алды.
«Соңғы рет биылғы жазда Күршім ауданы Марқакөл ауылында 25 шақырымдық аламанда бақ сынадым. Онда барлығы 60-тай ат болды. Мәре сызығын алтыншы болып кестім. Ең ұзақ қашықтыққа шапқаным әзірге осы. Түгел жарыстарда шабандоздардың ішінде жалғыз қыз боламын. Көбісі таңқалып жатады. Сыныптастарым да «Аттан қалай қорықпайсың? Алысқа шапқан өте қиын шығар?» деп сұрайды. Оларға ат спортының денсаулыққа пайдасы зор екендігін, ат бәрін сезетіндіктен қорқудың қажеті жоқтығын, дайындықтың арқасында жетістікке жетуге болатынын айтамын. Бәйгеде тізгінге ие болудан бөлек, аттың көзіне аққан терді де сүртіп отыру керек. Жүйріктің шабысын қадағалап, мәреге таяғанда тізгінді жіберіп, қамшы басу қажет», - дейді Жанель Сауменова.
Жанель бәйгеге қатысып қана қоймай, ат спортының конкур, мәнерлеп жүру сынды түрлерінен сайыстарға қатысып жүр. Танымал цирк артисі Мұрат Мұтырғанов ұйымдастырған байқауда екінші орын алған. Оған шетелдік атбегілер төрелік етіпті. Бұдан бөлек, былтыр Алматы қаласында өткен республикалық сайыста 15 қатысушының ішінен суырылып шығып, бірінші орынды қанжығаға байлаған.
Анасына атасы үйреткен
Шабандоздың шешесі Александра Ден де бала күннен атқа мінеді. Оны ат спортына нағашы атасы баулыған. Қазір күйеуінің қолдауымен ат клубын ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Желдіөзек ауылында орналасқан клубта арнайы жаттықтыру алаңы да бар. 5 баласы болса да ісіне берілгендіктен болар, келушілер саны арта түсуде.
«Барлығы 30 бала келіп жүр. Оның 5-і ұл, 25-і қыз. Аптасына 3 рет бір сағаттан атқа мінеді. Бағасы айына – 15 мың теңге. Ал 1 сағатқа төлесе – 2 мың теңге. 9 атымыз бар. Аттарды еліміздің түкпір-түкпірінен, Ресей мен Ұлыбританиядан алдырттық. Ветеринарлық курстарға қатысып, атты емдеуді, екпе салуды үйрендім», – дейді әйел.
Екінші қызы 5-те, ал ұлдары 4, 3 және 1 жаста. Анасы оларды түгелдей атқа мінгізіп жүр. Себебі қылқұйрықтыға міну – адамды шынықтырып, талай сырқаттың алдын алады.
«Жылқы – киелі жануар. Ол өте ақылды, қолға тез үйретіледі. Атқа мінген кезде арқаң тіктеліп, барлық бұлшықетің қозғалады. Балалар тепе-теңдікті ұстауды үйренеді. Тіпті атпен сөйлесудің психологиялық тұрғыда пайдасы мол. Мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бұл – иппотерапия. Маған бір кісілер денесінің бұлшықеттері дұрыс істемейтін бір жасар баласын алып келген еді. Басында атқа 10 минуттан, кейін сәл ұзағырақ мінгізіп жүрдік. Соның нәтижесінде, қол-аяғы ақырындап қимылдай бастады. Мұны көрген ата-анасы рахметін айтып, өздеріне ат сатып алған еді», - дейді Александра.
Оның айтуынша, бір туысының баласы 6-ға толса да мүлде сөйлемейтін. Сосын оны да жүйрікке мінгізіп жүрді. Бала қуанышын, әсерін жеткізгісі келген болар, шүлдірлеп бірдеңесін айта бастады. Қосымша логопед мамандармен де жұмыс істеген. Сөйтіп, 9-ға келгенде тілі шықты.
«Алдағы уақытта Ұлан ауданында ипподром салғымыз келеді. Бірақ әзірге ыңғайлы бос жер болмай тұр. Жергілікті әкімдікке барып көрдім, бірақ ондағылар ұсынған жер зираттың маңайында екен. Ал біз түрлі шаралар өткізгенде музыка қосамыз. Сондықтан ол жердің келмейтінін айттым. Ат клубын одан сайын кеңейтіп, балаларды көбірек тартуды жоспарлап отырмын. Қызым Жанель басқа да түрлі сайыстарға қатысып, биік белестерді бағындыратынына сенемін. Оған шамам келгенше көмектесіп, әркез жол нұсқаймын», - дейді Александра Ден.