Жүз жыл бұрынғы қазақтар жайлы кітап қайта басылып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әйгілі француз фантасы Жюль Верннің ХХІ ғасырда Қазақстан, Сібір жерлеріне саяхаты туралы жаз­ған шығармасы жақында бірінші рет қаз қалпында қайта басылып шықты.
None
None

Оқырман атақты ғылыми фантасти­калық романның француз тіліндегі алғашқы басылымынан аударылған толық нұсқасын ешқандай қоспасыз оқу мүмкіндігіне ие болды. Кітапқа қосымша кеңінен түсініктемелер берілетін болады.

Жюль Верннің бұл кітабы алғаш рет орыс тілінде 1900 жылы Сытиннің баспасынан жарық көрген екен. Ол кезде шығарманың мәтіні саяси жағынан өзгеріске түсіп, көп беттері қысқарып кеткен. Автордың жазу мәнері де бұзылған. Бұл кітапта сол кезде автор «татарлар» деп атаған қазақтар туралы жазылған бөлімдер қысқарып кеткен сияқты. Бірнеше жыл өткен соң Сойкиннің баспасынан сапасы жақсартылып тағы басылды. Бірақ сол кездегі Ресей цензурасы өздеріне жақпайтын тұстарды алып тастаған. Кітаптың осы нұсқасы ұзақ жылдар мұра­жайларда сақталып келді. Иркутскідегі Шығыс-Сібір кітап баспасы 1993 жылы романды түпнұсқаға барынша жақын­датып, орыс тіліне аударуға тырысқан екен. Таралымы 75 мың данамен басылып шыққан кітапты жұрт талап әкетіпті.

Бұл кітап - француз фантасының Орта Азия мен Сібірге жасаған «әдеби саяхаты». «Мен қазір басқа ештеңе туралы ойлағым келмейді, мені таңға­жайып сюжет қатты еліктіріп отыр. Мен Сібірге жол тарттым, енді тоқтай ал­маймын. Бұл романым орыстікінен гөрі татарлар мен Сібірдің тарихы жайлы» деп жазған екен Жюль Верн 1870 жылы баспагер Поль-Жан Этцельге жазып жатқан романы туралы. Романның негізгі сюжет желісі мынандай: астанасы Бұхарада орналасқан «татар» ханы Феофар бүкіл Сібірді бағындырып, көтеріліске шығады. Оның әскерін бұрынғы пол­ковник Иван Огарев деген сатқын басқарады. Көтерілісшілер осы кезде патшаның інісі Ұлы князь жатқан Иркутск қаласына бет алады. Ұлы князьді құтқаруға Мәскеуден патшаның шабарманы Михаил Строгов шығады. Фантаст Жюль Верн Строговты Волга өзенімен төмен ағызып, Орал тауларынан асырып, Енисей өзе­нінен, Байкал көлі мен Ангарадан өт­кізіп, Иркутскіге жеткізеді. Осындай қа­терлі жолда ол аюмен алысып, қасқырдан қор­ғанады, татарларға тұтқынға түседі. Ең соңында діттеген жеріне жетіп, патшаның тапсырмасын орындайды.

Романның желісі нақты тарихи оқи­ғаларға сүйеніп жазылған болуы керек. XIX ғасырдың ортасында Орта Азиядағы ықпалын сақтап қалу және осы өңірлердегі Британияның бекіністерін ығыстыру үшін Ресей үкіметі Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Азияда сыртқы саясатын кү­шейткен болатын. 1863-1864 жылдары Оңтүстік Қазақстанда үстемдігін жүргізіп отырған Қоқан хандығы жойылды, одан кейінгі жылдарда Қоқан және Бұхара хандықтары өз тәуелсіздіктерінен айырылды. 1867 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы орнады. 1869-1873 жылдары Ресей әскері Орта Азияның батыс өңірін басып алды. Сол жылдары Хиуа ханы Ресеймен келісім жасап, оған бағынышты болды. Жюль Верн романында осы кезеңдегі оқиғалар баяндалады. Орта Азия халықтары бұл кітапта «татарлар» деп аталады. Оңтүстіктен басталған көтеріліс Сібірдің астанасы Иркутскіге дейін жетеді. Осы романнан қазақ даласында болған бірқатар тарихи деректерді кездестіруге болады.

Романның мазмұнымен сол кездерде Францияда тұрып жатқан Иван Тургенев танысқан екен. Ол қолжазбаны мұқият оқып шығып бірқатар ескертулер жасаған екен, кітаптағы тараулардың бірінде Жюль Верн орыс жазушысының айтқандарына сілтеме жасайды. Романның мазмұнын мақтай отырып, Тургенев татар басқын­шылығы туралы айтылғандарды жоққа шығарады. Оған фантаст жазушы: «Татар басқыншылығы - неге солай болмасқа, жазушылық ой өрбітуге менің құқым бар ғой» деп жауап берген көрінеді. Жюль Верннің романы көпке таралды, алғаш жарық көрген 1876 жылдың өзінде-ақ кітап оннан астам тілге аударылды. Артынша роман театр пьесасына айналып, ұзақ жылдар сахнада көрсетілді. Кейбір деректерге қарағанда, Жюль Верннің жазған шығармаларының ішінде Фран­цияда бұл роман таралымы жағынан төртінші орынды иемденіп, авторға 7 млн. франк пайда әкеліпті. Еуропа осылайша Орта Азия халықтарымен алғаш Жюль Верн туындысы арқылы бір ғасыр бұрын танысты. Бірақ біз туралы жазылған кітаптың орыс тіліндегі толық нұсқасы қолымызға енді ғана тимекші, деп жазады «Айқын» газеті.

Соңғы жаңалықтар