22:16, 10 Мамыр 2017 | GMT +5
Жүздеген құстар Техастың көк тіреген үйлеріне соғылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстікте қыстап шыққан құстар жылдағыдай Мексика шығанағын қиып өтіп, солтүстіктегі өздері ұя салатын орындарға бағыт алған.
Мамырдың бас кезінде Галвестон аумағында күшті жел тұрып, нөсер жаңбыр жауды. Осының салдарынан құстар төмендеп ұшқан.
Мамандардың айтуынша, қараңғылық құшағында қалған құстар 25 қабатты зәулім ғимараттардағы өткір жарықтарды күн сәулесі деп қабылдаған болуы керек. Жүздеген қанаттылар биік үйлерге соғылып өлген, тек үшеуі ғана тірі қалған. Олар оңалту орталықтарына жеткізілді.
Техас орнитологтарының атап өтуінше, мұндай құстардың жаппай қырылуы соңғы он жылдың көлемінде кездеспеген.
Олар ірі қалалардың билік орындарына құстардың келу және қайту маусымында биік үйлердегі жарықты ең болмағанда түнгі мезгілде сөндіруді сұрады.