Жүздеген саңырауқұлақ түрі жойылып кету алдында тұр
АСТАНА.KAZINFORM - Саңырауқұлақтар - табиғаттың көрінбейтін сәулетшілері, экожүйе мен жердегі тіршілікті қамтамасыз етеді. Алайда олардың өсуіне ормандардың кесілуі, ауыл шаруашылығы және климаттың өзгеруі қауіп төндіреді. Халықаралық табиғатты қорғау одағы (IUCN) саңырауқұлақтардың жүздеген түріне жойылып кету қаупі төніп тұрғанын хабарлады.

«Жойылып кету қаупі төнген түрлердің қызыл тізіміндегі» жаңартылған мәліметтерге сәйкес саңырауқұлақтардың зерттелген 1300 түрінің кем дегенде 411-і жойылу алдында тұр.
– Саңырауқұлақтар – көзге көрінбейтін, бірақ сау экожүйенің негізін құрайтын маңызды организмдер. Ұзақ уақыт бойы олардың рөлі бағаланбады, бірақ оларды қорғау үшін әрекет ететін уақыт келді, - деді IUCN бас директоры Гретель Агилар.
Бүгінгі күні ғылым саңырауқұлақтың 150 000-ге жуық түрін анықтады, бірақ ғалымдар 2,5 миллионға дейін жетуі мүмкін деп санайды. Аз ғана бөлігі зерттелсе де, адам әрекетінің саңырауқұлақтар патшалығына жойқын әсер ететіні қазірдің өзінде белгілі болды. Саңырауқұлақтар өсімдіктерге де, жануарларға да жатпайды, бірақ олардың жойылуы барлық тіршілік иелеріне қауіп төндіреді.
– Егер біз саңырауқұлақтарды жоғалтсақ, экожүйенің тұрақтылығын жоғалтамыз, - деп түсіндіреді швед микрологы Андерс Далберг.
Саңырауқұлақтар маңызды функцияларды орындайды. Олар өсімдіктерге құрғақшылық пен ауруға қарсы тұруға көмектеседі, көміртегі айналымына қатысады, оны топырақта сақтайды және тамақ өнеркәсібінде және медицинада қолданылады.
Алайда ауылшаруашылық және қалалық аумақтардың қарқынды кеңеюіне байланысты 300-ге жуық түрдің жойылу қаупі бар. Сонымен қатар тыңайтқыштар мен көліктерден шығатын азот пен аммиак шығарындылары саңырауқұлақтардың 91 түріне зиянын тигізеді.
Негізгі соққы орман саңырауқұлақтарына түседі: ормандардың жойылуына байланысты сирек кездесетін түрлер қалпына келтіруге уақыт таппай өледі. Мысалы, алып рыцарь (Tricholoma colossus) 1970 жылдардан бері Финляндия, Швеция және Ресейдегі қылқан жапырақты ормандардың 30 пайызының жойылуына байланысты жойылу алдында тұр.
Климаттың өзгеруі де маңызды рөл атқарады. Америка Құрама Штаттарында саңырауқұлақтардың 50-ден астам түрі табиғи ландшафттарды өзгертетін орман өрттерінен зардап шегіп жатыр.
Бүгінде Қызыл кітапқа тірі ағзалардың 170 000 түрі енгізілген, олардың 47 000-нан астамы жойылу қаупінде тұр. Ғалымдар саңырауқұлақтардың жойылуы бүкіл экожүйеге әсер ететінін баса айтады.
Саңырауқұлақтарды қорғау дегеніміз – табиғаттың тепе-теңдігін сақтау, жер шарындағы ауыл шаруашылығы мен биоәртүрлілікті қолдау.
Айта кетейік, Бурабайда бірнеше елдің Қызыл кітабына енген саңырауқұлақ түрі табылды.