Жыл басынан Астанада 6 адам жол апатынан қаза тапты

«Астана қаласы Полиция департаменті елорда аумағындар орын алған жол-көлік оқиғаларына талдау жүргізді. 2023 жылдың басынан 110 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға төмен. Болған апаттардан 6 адам қаза болды, 123 адам әртүрлі дене жарақатын алды.
Бұл ретте жол-көлік оқиғалары зардаптарының ауырлығы республикалық деңгейден 2,5 есе төмен. 100 мың адамға шаққанда қайтыс болғандар – 0,4%», - деді Астана қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы Бауыржан Тоғжұманов БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде.
Еске сала кетейік, таяуда Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова жыл сайын 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 мыңнан астам адам қаза табатынын мәлімдеген еді.