Жыл басынан бері 45 адам суға кетіп көз жұмды
«Өткен жылы суға батқандар саны 43%-ға азайғанымен, өкінішке қарай, жағдай жақсармай тұр. Соңғы 3 жылда 1 мыңнан астам адам суда қаза болды (1103 ересек, 321 бала). Жыл басынан бері еліміздің су айдындарында 69 адам құтқарылды. Оның ішінде 15-і бала, шомылу маусымы басталғаннан бері 11 ересек, оның ішінде 2-і бала. Бұл ретте 45 адам суға кетіп қаза болды, оның ішінде 14-і кәмелетке толмаған бала бар. Суға батқандардың ең көбі Ақтөбе, Абай және Қостанай облыстарында», - деді Юрий Ильин Үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, суға кету қайғылы оқиғасының негізгі себептері - жабдықталмаған орындарда шомылу.
Сонымен қатар ересектердің балаларды қараусыз қалдыруы, мас күйде және шамасын бағаламай суға түсу де - осыған себеп.
«Әлихан Асханұлы, биыл наурыз айында суға шомылу маусымында алдын алу жұмысын уақытылы ұйымдастыру үшін министрлік барлық деңгейдегі министрліктер мен әкімдіктердің нақты міндеттерін көздейтін «Шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» бұйрықты бекітті. Сонымен қатар сәуір айында орталық және жергілікті атқарушы органдарды биылғы суға шомылу маусымына дайындық туралы» күн тәртібімен ведомствоаралық комиссия отырысы өткізілді», - дейді ведомство басшысы.
Бұған дейін ел аумағында шомылуға рұқсат берілген жағажайлар туралы хабарлаған едік.