Жыл басынан бері 58,2 млрд. теңгенің - өнеркәсіп, 19,7 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілді - Ақмола облысының әкімі

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, жыл басынан бері 58,2 миллиард теңгенің - өнеркәсіп, 19,7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген, өнеркәсіп саласындағы табыс өткен жылмен салыстырғанда - 86,2, ауыл шаруашылығы бойынша 105,1 пайызды құрап отыр. Осы уақытта облыс экономикасына 40,1 миллиард теңге инвестиция тартылған, өсім өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 14,4 пайызға жоғары. 47,8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілген. Бір қуаныштысы, тұтыну тауарлары индексі -103,7 пайыз, оның ішінде азық-түлік тауарлары - 103,3, өнеркәсіп тауарлары - 104,5, ақылы қызмет 103,4 пайызға артқан. «Қазагро» қаржысы есебінен Еңбекшілдер, Атбасар аудандарында құс және сұйық май өндірісі іске қосылмақ. Степногор қаласында аумағы 3,6 гектар жылыжай құрылысы жобалануда. Аталмыш қаржы институты мен облыстың мүмкіндігі арқылы жалпы сомасы 9,5 миллиард теңгенің 23 жобасы қолға алынып отыр. Оған қосымша 30 жоба қарастырылуда.
Облыс әкімі сондай-ақ Елбасының Қазақстан халқына Жолдауы аясында Жол картасына қатысты игі шараларға тоқталды. 125 жобаға 4,6 миллиард теңге ескерілген. Оның 39 миллиарды тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты дамытуға бағытталған. Жол картасына орай 4667, қосымша 4528 жаңа жұмыс орны ашылған.
Кездесу барысында баспасөз өкілдері «Семізбай» кенішін игеру, Зеренді ауданындағы коммуналдық төлемнің қымбаттауы, күзде өткізілетін инвестициялық форум, Целиноград ауданында тұрғын үй инфрақұрылымы жайы, «Нұрлы көш» бағдарламасының орындалуы, Көкшетаудағы 1200 орындық мектеп пен қысқы спорт кешені құрылысының сапасы турасындағы сауалдарына нақты жауаптар алды.