Жыл басынан бері елімізде 35 мың жұмысшы жалақысын уақытылы алмаған
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, кәсіпорындардың еңбекақы бойынша қарыздарын салаларға бөліп қарастырғанда барлық қарыздардың 46 пайызы өнеркәсіп кәсіпорындарына тиесілі. Еңбекақы қарызының 17 пайызы - қызмет көрсету саласында, 16 пайызы - құрылыс кәсіпорындарында.
«Бұл ретте жұмысшылардың алдында қарызға батудың негізгі себебі - кәсіпорынның экономикалық проблемаларына қатысты болып табылады. Мемлекеттік инспекторлар жыл басынан бері 93 кәсіпорында 35 мың жұмысшының 4,1 млрд. теңгені құрайтын ағымдағы қарыздары бар екенін анықтады. Бұл ретте бұзушылықтарды жою үшін жұмыс берушілерге 681 ұйғарым берілді. 113 млн. теңгені құрайтын 652 айыппұл салынды», - деді Т. Дүйсенова.
Оның айтуына қарағанда, қабылданған шаралар арқылы 3,6 млрд. теңгенің қарыздары өтеліп, 27 мыңнан астам жұмысшының еңбекақыға қатысты құқығы қорғалған.
«Қорытындылай келсек, қазіргі күні жалпы еңбекақы бойынша 125 кәсіпорында 9 мыңға тарта жұмысшы алдындағы қарыз көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды. Олардың ішінде 5 мыңнан астам жұмысшы алдындағы 34 кәсіпорынның ағымдағы қарызы 428 млн. теңгені құрайды. 12 кәсіпорынның 477 жұмысшы алдындағы мерзімі 3 айдан асқан қарыздар көлемі 100 млн. теңгені құрайды. 74 кәсіпорын банкроттық жағдайда өзінің 3 мыңға тарта жұмысшысына 952 млн. теңге қарызға батқан», - деді министр Т. Дүйсенова.