Жыл басынан бері елордада 4 мыңға жуық ЖҚЕ бұзу оқиғасы тіркелді
АСТАНА. 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Астанада 2014 жылдың екі аптасында жол-патруль полициясы қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3605 оқиғасын тіркеді.
Бұл туралы astana.kz сайтына ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Үстіміздегі жылы ІІД жол-патруль полициясы қызметкерлері Жол қозғалысы ережелерін бұзудың 3605 оқиғасын анықтады. Соның ішінде көлікті мас күйінде басқарған 42 жүргізуші, жылдамдық режимін бұзған 89, жолдың қарсы бағытына шыққан 62, бағдаршамның қызыл шамына жолды кесіп өткен 128 жүргізуші ұсталды», - деп хабарлады ведомстводан.
Сонымен қатар, қауіпсіздік белдігін тақпаған 427 тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 400-ден астам жаяу жүргінші Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жазаланды.
Айта кетейік, сот тәртібімен 1014 әкімшілік құқықбұзушылық істері қаралды. Қаланы абаттандыру ережелерін бұзған 256, тыйым салынған жерде темекі шеккен 141, ішімдік ішкен және мас күйінде жүрген 380 және «ұсақ тәртіп бұзушылық» бабы бойынша 27 адам жауапкершілікке тартылды.