Жыл басынан бері қолдан жасалған 139 ақша белгісі анықталды - Ұлттық банк

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Ұлттық банкі мен екінші деңгейлі банктер жыл басынан бері 408 150 теңгенің қолдан жасалған 139 ақша белгісін (136 банкнот пен 3 монета) анықтады. Бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41%-ға аз көрсеткіш (340 жалған ақша белгісі), деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ұлттық банктің банкноттар мен монеталарды сараптау басқармасының бастығы Асқат Мұқамадиевтің айтуынша, к өп жағдайда номиналы 2 000 теңгелік банкноттар (97 дана) қолдан жасалған. Олар жалпы көлемнің 70%-ын құрайды. Номиналы 5 000 теңгеліктен – 15 дана (11%), 10 000 теңгеліктен 10 дана (7%) ақша қолдан жасалған. Қалған 9%-ы өзге номиналдағы банкноттарға тиесілі.

«Жалған банкноттардың көп бөлігі Алматыда – 68 дана (жалпы көлемнің 51%-ы), Нұр-Сұлтан қаласында – 16 дана және Шығыс Қазақстан облысында 29 дана анықталды. Ұлттық банк түпнұсқа банкноттарды қолдан жасалған ақшадан ажыратуға көмектесетін қарапайым қағидалардың бар екенін еске салады. Банкноттарда бедер тудыратын арнайы мөр бар. Сол сияқты барлық банкноттарда көру қабілеті нашар адамдарға арналған, қолмен ұстағанда жақсы білінетін дөңес тәрізді жоғары бедерлі элемент түріндегі белгілер бар», - деді ведомство өкілі.

Банкноттың түсі анық және контрастылы болуға тиіс, су таңбасы мен номиналдың цифрлық бейнесін көру үшін банкнотты жарыққа бағыттап көру қажет.

Банкнот бетіндегі жазулары бар тұтас жіп тәріздес, жарықта анық көрінетін жазулар бар үзік сызық түріндегі тұтас магниттік және сүңгуір жіпке де назар аударған жөн.

Номиналы 1 000, 2 000, 5 000, 10 000 және 20 000 теңгелік банкноттарда түрлі-түсті бояумен салынған сурет түріндегі бейнелер бар. Банкноттың көлбеу бұрышы өзгерген кезде бейнелердің түсі жасылдан алтын түске дейін өзгереді.

«Купюраны осы әдіспен тексеруге бірнеше минут уақыт кетеді және ол банкноттың түпнұсқасын анықтауға көмектеседі. Шын ақшаны жалған банкноттан қалай ажыратуға болатыны туралы ақпаратпен Қазақстан Ұлттық Банкінің сайтында толығырақ танысуға болады», - деп атап өтті маман.


Соңғы жаңалықтар