Жыл басынан бері ҚР Парламенті Сенаты 43 халықаралық келісімшартты қабылдады

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2009 жылы Парламент тарапынан 43 халықаралық келісімшарт ратификацияланды. Атап айтқанда, Палата «Киото хаттамасына қосылу туралы», «Кедендік одақ құру туралы», «Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге факультативтік хаттама» секілді маңызды құжаттарды бекітті. Сондай-ақ палата бірқатар мемлекеттермен, Қазақстанның халықаралық құқық субъектілерімен арадағы ынтымақтастықты арттыруға бағытталған екіжақты құжаттарды қабылдады. Бұнымен қоса, биыл депутаттық корпустың бастамасымен 6 заң жобасы қабылданды», деді М. Нұртілеуов.
Оның айтуынша, ағымдағы жылғы заң шығармашылығы қызметі барысында Парламент 67 заң актілеріне қатысты өзгерістер мен толықтыруларды қабылдаған. Бұндай құжаттар бойынша еліміздің бүгінгі дамуы мен қоғам үшін маңызы зор заңдар ретінде Аппарат басшысы қазақстандықтардың құқы мен бостандығын қорғауға, жемқорлықпен күресті күшейтуге, экономиканы дамыту саласына, қазақстандық қамтылымның артуын қамтуға арналған және тағы да басқа заңдарды атап өтті.
«Мемлекеттік-әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі азаматтардың өмір сүру сапасын, тұрмысын жақсарту болып табылады. Парламент бұл бағытта да бірқатар заңдар топтамасын қабылдады. Атап айтқанда, азаматтардың жекелеген санаттарын қолдауға, тегін медициналық көмек мөлшерін арттыруға арналған, сонымен қатар әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңдарды қабылдады», деді М. Нұртілеуов.