Жыл басынан бері теңгенің долларға қатысты бағамы 2%-ға нығайды – Ұлттық банк

«Жыл басынан бастап сәуір айының соңына дейін теңгенің долларға қатысты бағамы 1 доллар үшін 453,21 теңгеге дейін, яғни 2%-ға нығайды. Ұлттық Банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Ұлттық валютаның нығаюы «салық кезеңі» факторына және шетелдік инвесторлардың Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына кіруімен байланысты болды. Бейрезиденттерге тиесілі салымдардың көлемі жыл басынан бері 126 млрд теңгеге ұлғайды», - деді ҰБ төрағасының орынбасары.
Виталий Тутушкин айтуынша, теңгенің нығаюына негізгі екі фактор әсер етті.
«Біріншіден, ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарына шетелдік инвесторлардың ағыны байқалады. Екіншіден, қаңтар-сәуір айларында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 1,3 млрд АҚШ доллары сомасына валюталық түсімді сатуы және Ұлттық қордан республикалық бюджетке 2,1 млрд доллар мөлшерінде трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы теңгеге қолдау көрсетті», - деп тоқталды Виталий Тутушкин.
Бұған қоса, ол Қазақстандағы инфляция деңгейі 16,8%-ға дейін баяулағанын атап өтті.